«Астана – Көкшетау» тасжолында жаңа қардан қорғау жүйесі сынақтан өтуде

Бүгін, 10:46
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
«Астана – Көкшетау» тасжолында жаңа қардан қорғау жүйесі сынақтан өтуде
Фото: Көлік министрлігі

«Астана - Көкшетау» тасжолының қар жиі жиналатын учаскелерінің бірінде қар үйінділерінің алдын алуға арналған жаңа жүйе енгізіле бастады, деп хабарлады Elordainfo.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

Жобаны ғылыми-техникалық сүйемелдеуді «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ (ҚазжолҒЗИ) мамандары жүзеге асыруда.

Тестілеу республикалық маңызы бар KAZ 02 «Астана - Көкшетау (айналма жолымен) -  Петропавл - Ресей Федерациясының шекарасы (Қайрақ өткізу пункті)» автожолының 32-шақырымындағы учаскесінде өткізілуде. Бұл аумақ Ақмола облысы Целиноград ауданының Бозайғыр ауылы маңында орналасқан.

Көпжылдық метеорологиялық бақылаулардың талдауы көрсеткендей, дәл осы учаске аталған бағыттағы қар ең көп жиналатын орындардың бірі болып саналады. Ашық дала аймағы мен қатты бүйір желдері қыс мезгілінде қар массасының белсенді түрде көшіп, жолда қар үйінділерінің пайда болуына себеп болуда

«Бұл мәселені шешу үшін мұнда отандық өндірушінің Wall магистральдық қардан қорғау жүйесі орнатылды. Конструкция жоғары берік композиттік материалдан – көміртекті пластиктен жасалған. Ол −70°С-тан +110°С-қа дейінгі температура ауытқуларына, ылғалға, ультракүлгін сәулеге, тұздарға және агрессивті ортаға төзімді. Материал коррозияға ұшырамайды және бұзылмайды, бұл автомобиль жолдары жағдайында пайдалануға өте маңызды», - деді «ҚазжолҒЗИ» АҚ бас маманы Данияр Закиржан.


Беріктік көрсеткіштері бойынша бұл конструкция дәстүрлі темірбетоннан жасалынған қардан қорғау қоршауларымен бірдей әсер береді. Алайда оның салмағы айтарлықтай жеңіл. Соның арқасында монтаждау жұмыстары ауыр техниканы тартпай-ақ және массивті бетон іргетасын салмай жүзеге асырылады. Бұл орнату шығындарын азайтып, жұмыс мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, композиттік жүйенің тағы бір маңызды артықшылығы, ол қызмет ету мерзімінің ұзақтығы. Темірбетон конструкцияларына қарағанда, мұндай жүйелер тұрақты жөндеу мен қызмет көрсетуді қажет етпейді.

Қажет болған жағдайда конструкцияны оңай демонтаждап, басқа учаскеге көшіруге болады. Бұл жүйені пайдалануды икемді етеді.

«ҚазжолҒЗИ» мамандары жүйенің нақты пайдалану жағдайындағы жұмысын ғылыми тұрғыда бақылап отыр. Институт қарды ұстап қалу тиімділігін бағалап, эксплуатациялық көрсеткіштерге талдау жүргізуде.

Жүргізілген бақылаулардың қорытындысы бойынша ұқсас климаттық жағдайы бар республикалық жол желісінің учаскелерінде композиттік қардан қорғау шешімдерін кеңінен қолдану жөнінде ұсыныстар дайындалады.

Бұған дейін Астанадан бір түнде 45 мың текше метрден астам қар шығарылғанын жаздық.