21 жыл бір жолда: №1 автопаркте бірге еңбек етіп жүрген астаналық жұп
Отбасы күніне орай Elordainfo.kz №1 автобус паркінде 21 жылдан бері бірге еңбек етіп келе жатқан ерлі-зайыпты Әлжан Мәмбетов пен Эльмира Карашеваның тағылымды еңбек жолын оқырман назарына ұсынады.
Таңғы жұмысқа екеуі бірге келеді. Кешке де бірге қайтады. Ері автобус жүргізеді, зайыбы қоғамдық көлік бақылау саласында жұмыс істейді. Осылайша, 2005 жылдан бері олардың жұмыс күні де, отбасылық өмірі де бір арнада өтіп келеді.

Әлжан Мәмбетов Астана көшелерінде автобус тізгіндеп жүргеніне жиырма жылдан асты. Эльмира Карашаева да осы уақытты №1 автопарк қарамағында өткізіп келеді.
«2005 жылы төрт баламызды алып, арман қала – Астанаға қоныс аудардық. Келген соң жұбайым №1 автобус паркіне жүргізуші, мен кондуктор болып жұмысқа орналастық. Содан бері бір паркте тапжылмай келе жатқанымызға 21 жыл болыпты», – дейді Эльмира Қуандыққызы.
Ол жылдары қаладағы автобустардың жағдайы қазіргідей емес еді. Ескі көліктер көп болатын. Санаулы ғана жаңа «MAN» автобустары жүргізушілердің арманына айналған.
Ал қазір жағдай басқа. Парк жаңа автобустармен толығып, жүргізушілердің еңбек жағдайы да өзгерген.

«Сол кезде жаңа, бұзылмайтын автобустарға мінсек екен деп армандайтынбыз. Қазір, шүкір, жаңа автобустар көбейді. Қала да, қоғамдық көлік те өзгерді», – дейді Эльмира Карашева.
Жиырма бір жыл бойы бір жерде жұмыс істеу ерлі-зайыптыға бір-бірінің кәсібін жақсы түсінуге мүмкіндік берген.

Кейде жұмыстағы жағдай үйде талқыланады. Қай жерде қателік кеткенін айтып, келесіде қайталамауға тырысады.
«Бірге барамыз, бірге қайтамыз. Бір-біріміздің жұмысымызды жақсы түсінеміз. Жұмыстан кейін күн ішінде болған жағдайларды талқылаймыз. Қажет кезде бір-бірімізді қолдап, жұбатып отырамыз», – дейді ол.
Қоғамдық көлікте жұмыс істеу әрдайым оңайға соқпайды. Күн сайын ондаған, жүздеген адаммен тілдесуге тура келеді. Эльмира Қуандыққызының айтуынша, осы жылдар ішінде жолаушылардың да, қоғамдық көліктің де мәдениеті өзгерген.
«Халықпен жұмыс істеу оңай емес. Әртүрлі адам кездеседі. Бірақ қазір тәртіп те, тазалық та жақсы. Жолаушылардың жүргізушілерге деген құрметі де артқанын байқаймыз», – дейді ол.
Бұл отбасы үшін жұмыстың тағы бір маңызды жағы бар. Екі адамның тұрақты еңбегі төрт баланың болашағына жол ашқан.
Бүгінде олардың төрт перзенті де жоғары білім алған. Университет пен магистратура бітірген. Кейбірі шетелде білімін жетілдіріп, қазір өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүр.
«Шопыр болу да, халықпен жұмыс істеу де оңай емес. Бірақ біз балаларымыздың болашағы үшін еңбек еттік, ештеңеге мойымадық. Қазір төртеуінің де білім алып, өз мамандығымен жұмыс істеп жүргені – еңбегіміздің ең үлкен нәтижесі», – дейді Эльмира Қуандыққызы.
21 жыл ішінде №1 автобус паркі де өзгерді. Бірақ Мәмбетовтер отбасының бұл жермен байланысы еш өзгерген жоқ. Осы жермен бітеқайнасып кетті. Ендігі мақсат – әлі де осы ұжымнан ажырамай, зейнет демалысына бірге шығу.
«Еліміз тыныш болсын, балаларымыз аман болсын. Үйімізде береке-бірлік болсын. Қажымай еңбек етіп, №1 автопарктен абыроймен зейнетке шықсақ дейміз. Одан кейінгі арман-мақсатымыз – немере бағу», – дейді Эльмира Карашева.
Олардың 21 жылдық тарихында күн сайын қайталанатын қарапайым еңбек көп. Бірақ сол тынымсыз еңбек төрт баланың білім алуына жол ашып, отбасының аяққа тұруына және бүгінгі берекелі де өнегелі өмірдің негізіне айналды.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін жолаушылар көрмейтін №1 автобус паркінің түнгі тіршілігі туралы репортаж жазғанбыз.