2029 жылға қарай Ұлттық қордың валюталық активтері ұлғаяды – Серік Жұманғарин

Бүгін, 10:27
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
2029 жылға қарай Ұлттық қордың валюталық активтері ұлғаяды – Серік Жұманғарин
Фото: primeminister.kz

Экономиканы дамытудың базалық сценарийіне сәйкес, ҚР Ұлттық қорының валюталық активтерінің көлемі 2027 жылы $65,2 млрд-тан 2029 жылы $70,6 млрд-қа дейін өседі. Мұндай есептерді Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Базалық сценарий кезінде Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 2027 жылы 5,1 трлн теңге, 2028 жылы 5,5 трлн теңге және 2029 жылы 5,7 трлн теңге деңгейінде болады деп болжанып отыр. Ұлттық қорға түсетін таза түсімдер 2027 жылы 0,5 трлн теңге, 2028 жылы 1,4 трлн теңге және 2029 жылы 2,0 трлн теңге мөлшерінде болжануда», - деді өз баяндамасында Серік Жұманғарин.

Республикалық бюджетке аударылатын кепілдендірілген трансферттің мөлшері бюджеттік қағидаларға сәйкес айқындалды, ол 2027 және 2028 жылдары жыл сайын 2,4 трлн теңгені құрайды, кейіннен 2029 жылы 2 трлн теңгеге дейін төмендейді.

Аса маңызды инфрақұрылымдық нысандар мен жалпыхалықтық маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін Ұлттық қордан нысаналы трансферт тарту көзделген, оның көлемі 2027 жылы 2 трлн теңге және 2028 және 2029 жылдары жыл сайын 1,5 трлн теңге болмақ.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов 2027-2029 жылдардағы бюджет теңгерімді және сапалы жоспарланған болуы тиістігін айтты.