Header Banner

1 желтоқсаннан бастап қысқы дөңгелексіз көлік жүргізуге тыйым салынады - ІІМ үндеу жасады

27 қараша, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
1 желтоқсаннан бастап қысқы дөңгелексіз көлік жүргізуге тыйым салынады - ІІМ үндеу жасады
фото: Оңалхан Өнерхан

Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап қысқы шиналары жоқ көліктерді пайдалануға тыйым салынады. Шектеу 28 ақпанға дейін жалғасады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі ескертті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ІІМ мәліметінше, қысқы шиналар автомобильдің барлық дөңгелегіне орнатылуы керек.

Министрлік жүргізушілерге ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда барынша сақ болуды ескертті. Қазгидрометтің болжамына сәйкес, 26 қарашадан бастап еліміздің бірқатар өңірінде жаңбыр мен қар жауып, жел күшейіп, көктайғақ болады.

«Мұндай жағдайда көріну қашықтығы нашарлап, тежеу жолы ұзарады және көлікті басқару қиындайды. Мұның бәрі жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арттырады. Жүргізушілерді барынша мұқият болуға шақырамыз!» – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті басқармасының бастығы Архат Төлегенов.

ІІМ жүргізушілерге жылдамдықты төмендетіп, көліктер арасындағы қашықтық пен бүйірлік аралықты сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ күрт маневр жасаудан және шұғыл тежеуден аулақ болу қажет.

Жолға шығар алдында ауа райы болжамын ескеріп, бағытты алдын ала жоспарлаған жөн. Ауа райы қолайсыз болған жағдайда қала сыртындағы сапарларды кейінге қалдыру ұсынылады.

Министрлік жаяу жүргіншілерді де сақ болуға шақырды. Өйткені тайғақ жолда жүргізуші көлікті бірден тоқтата алмайды.

Жолға шығар алдында жүргізушінің жаяу жүргіншіні байқағанына және жол беріп тұрғанына көз жеткізу керек. Жолдан өтер кезде телефонға алаңдамаған жөн. Сондай-ақ құлаққапты шешіп, капюшонмен айналаны көру мүмкіндігін шектемеу қажет.

Полиция қызметкерлеріне жолда қиын жағдайға тап болған азаматтарға қажетті көмек көрсету тапсырылды.

«Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар! Өздеріңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар!» – деп еске салды Архат Төлегенов.

Еске салайық, бұдан бұрын полицейлер қыста жолға шыққанда көлікте болуы тиіс заттарды атады.