Заңсыз қоқыс үйінділерін анықтайтын «TazaQala» платформасы іске қосылды
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын жүзеге асыру және заңсыз қоқыс үйінділері мәселесін жүйелі түрде шешу мақсатында Алматы қаласының прокуратурасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп «TazaQala» цифрлық платформасын іске қосты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Платформа жасанды интеллект элементтеріне негізделген және тұрғындарға қалдықтарды заңсыз орналастыру орындарын анықтауға белсенді қатысуға, сондай-ақ қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға үлес қосуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда платформа арқылы 865 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталып, оның 497-сі жойылды, 500 тоннадан астам қалдық шығарылды.
Қалдықтарды басқару кезінде экологиялық талаптарды бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 3 және 5-бөліктері бойынша жергілікті атқарушы органдардың басшылары әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
Айта кетейік, 15 маусымнан бастап прокуратура уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтік іс-шараларды жүргізуде. Рейдтердің қорытындысы бойынша абаттандыру қағидаларын бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды ластау, жасыл желектерді күтіп-ұстау қағидаларын бұзу және экологиялық заңнама саласындағы өзге де құқық бұзушылықтар үшін 100-ден астам әкімшілік хаттама толтырылды.
Прокуратура өкілдері Заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою, сондай-ақ халықтың экологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстар жалғасуда және тұрақты бақылауда екенін хабарлады.