Жаңа Конституция ұлттың жаңа кодын, жаңа сапасын қалыптастырады - Ерлан Қошанов
VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ерлан Қошанов әлеуметтік желіде бүгіннен бастап күшіне енген жаңа Конституция туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Бүгіннен бастап біз жаңа Конституциямен өмір сүре бастаймыз.
Оны бүкіл халқымыз бірлесе әзірлеп, жаппай талқылап, бірге қабылдаған болатын.
Бұл – миллиондаған азаматтың арман-аңсарын, еліміздің тарихи тәжірибесі мен болашаққа деген ұмтылысын айшықтаған бірегей жалпыұлттық жоба.
Өткенге көз жүгіртсек, жаңа Ата заңның қабылдануы қашанда халықты ұйыстырып, түбегейлі жаңғыруға жол ашқан.
Оған әлем тарихында мысал көп.
Конституциялар әдетте дамудың жаңа кезеңіне өту қажеттігін қоғамның өзі сезінген кездері қабылданған.
Осылайша, негізгі заң – тек бүгінге емес, болашаққа бағдарланған құжатқа айналған», - деді ол.
Әрі қарай спикер біздің еліміз де жетілген әрі жауапты мемлекет ретінде әлемдік озық тәжірибелерді негізге ала отырып, эволюциялық жаңғырудың өзіндік төл моделін қалыптастырғанын айтты. Оның айтуынша, мемлекеттік саясатымыздың сындарлылығы бүгінгі күннің міндеттерін шешумен ғана шектелмейді. Оның басты ерекшелігі – мемлекеттің тарихи болашағының мәнін терең пайымдай білуде. Сондықтан бүгінде еліміздің өркендеуіне берік құқықтық негіз қаланып, стратегиялық бағдары айқындала түсті. Ал әділеттілік алғаш рет Конституцияның өзегі, оның басты қағидаты ретінде бекітілді.
«Мемлекеттік саясаттың барлық ресурсы адам игілігіне бағытталды. Адам – елдің табысты дамуының діңгегіне айналды.
Адамға ерекше мәртебе әрі басымдық беру – Президент жүргізіп отырған бүкіл реформаның түпкі мәні әрі Қазақстанның жаңа даму моделінің негізгі арқауы.
Енді мемлекеттік дамудың жаңа парадигмасының өзегінде азаматтың конституциялық кепілдіктерін қамтамасыз ету, оның қабілет-қарымын ашуына тең мүмкіндік жасау, сондай-ақ білім беруді, ғылымды, денсаулық сақтауды, мәдениетті, заманауи технологияларды жан-жақты дамыту міндеттері тұр.
Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін бұлжымас бағдар болмақ.
Ол жастарға нық сенім беріп, болашаққа деген айқын көзқарас пен ұдайы мемлекетті тірек тұту сезімін орнықтырады.
Бүгінде негізі қаланып жатқан ауқымды цифрландыру, жасанды интеллект өнімдерін кеңінен пайдалану, смарт-қалалар мен озық білім беру жүйесін дамыту, жаңа экономикалық саясат пен экологиялық жауапкершілік – Қазақстанның келешек келбетін айқындайтын біртұтас даму аясы.
Осындай елде Ұлы Даланың мыңжылдық тарихи мұрасын риясыз мақтан тұтатын жаңа буын өсіп-жетіледі.
Жаңа Конституция ұлттың жаңа кодын, жаңа сапасын қалыптастырады. Өз тарихы мен тамырын терең тану әр азаматтың көкірегіне сенім ұялатып, берік рухани тірек сыйлайды.
Кітап оқу мәдениеті, терең білім және үздіксіз өзін-өзі жетілдіру әр азаматтың табысқа жетуінің кілтіне, өмірінің басты мәніне айналады.
Сонымен бірге болашақ Қазақстан халқының экологиялық сана-сезімі де арта түседі.
Қазірдің өзінде Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» идеясы жалпыхалықтық қозғалысқа ұласқанын көріп отырмыз. Ол еліміздің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған жанашыр азаматты жұмылдырды.
Бұл қоғамымыздың табиғатпен үйлесімді, таза әрі жасыл желекті Қазақстанда өмір сүруге деген ұмтылысын көрсетеді.
Мұндай өмір салты әр қазақстандықтың қалыпты ұстанымына айналмақ, - деді спикер.
Жалпы, жаңа Конституцияның ең басты жемісі озық ойлы, жаңашыл азамат қалыптастыру болмақ
Ол – интеллектуал, мәдениетті, өнегелі, заңға мойынсұнатын, отаншыл, өз елін мақтан тұтатын әрі оның өркендеуі жолында аянбай еңбек ететін тұлға», - дейді спикер.
Оның пайымдауынша, жаңа Ата заңның қағидаттары мен құндылықтары негізінде тәрбиеленген жаңа қазақстандықтың келбеті дәл сондай болмақ. Бұл – Президенттің жаңа Конституция авторы ретінде елдің Негізгі заңына арқау еткен асыл мұраты. Мемлекет басшысының осы стратегиялық бағдарына халық толық сенім артып, жан-жақты қолдады. Ол – Қазақстан азаматтарының ортақ таңдауы.
«Әр мемлекеттің тарихында оның ондаған жылға межеленген даму көкжиегін айқындайтын шешуші кезеңдері болады.
Қазақстан үшін мұндай тарихи сәт – бүгінгі күн. Бұл – ұлттың кемелдігін, қоғамның бірлігін және еліміздің жаңа белестерге нық қадам басқанын паш ететін жаңа Конституцияның күшіне енген күні», - деп жазды Е.Қошанов.
Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның жаңа Конституциясының заңды күшіне енуіне орай қазақстандықтарға үндеу жасағаны туралы жаздық.