Референдум-2026

Жамаладен Ибрагимов: Жаңа Конституция нормаларын толыққанды жүзеге асыру - ортақ міндет

Бүгін, 11:25
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Жамаладен Ибрагимов: Жаңа Конституция нормаларын толыққанды жүзеге асыру - ортақ міндет
Фото: Жамаладен Ибрагимовтың жеке архивінен

2026 жылғы 15 наурызда жалпыхалықтық референдум нәтижесінде қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңін айқындаған маңызды құқықтық құжат болды. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының докторы Жамаладен Ибрагимов бүгін күшіне енген жаңа Конституция туралы осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«Жаңа редакциядағы Негізгі заң қоғамның заманауи сұраныстарына жауап беретін құқықтық жүйені қалыптастыруға, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге және адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін нығайтуға бағытталған. Жаңа Конституцияның басты ерекшелігі – құқық үстемдігі қағидатын нығайту, мемлекеттік билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара жауапкершілікті қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың кепілдіктерін күшейту болып табылады. Сонымен қатар мемлекеттік институттардың қызметіндегі ашықтық, есептілік және тиімділік қағидаттары одан әрі жетілдірілді.

Конституцияның мәні – мемлекеттің конституциялық құрылысының негіздерін, қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің басты қағидаттарын және мемлекеттік билікті ұйымдастырудың құқықтық тетіктерін айқындауында. Негізгі заң адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітіп, олардың сақталуы мен қорғалуына конституциялық кепілдік береді.

Жаңа Конституцияның қабылдануы құқықтық реформаларды жүйелі түрде жүзеге асыруға, заң үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейтуге жаңа мүмкіндіктер ашты. Бұл құжат Қазақстанның демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты дамуына бағытталған стратегиялық мақсаттарды іске асырудың берік құқықтық негізі болып табылады», - деді ол.

Ғалымның пайымдауынша, жаңа Конституцияның қағидаттарын толыққанды жүзеге асыру – мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның және әрбір азаматтың ортақ міндеті. Негізгі заңның талаптарын мүлтіксіз сақтау құқықтық мәдениетті қалыптастырудың, қоғамдық келісімді нығайтудың және еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етудің басты кепілі болып қала береді.

«Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында бекітілген қағидаттар мен нормалардың толыққанды жүзеге асырылуы – құқықтық мемлекетті қалыптастырудың басты шарттарының бірі. Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады.

Ең алдымен, Конституция нормаларына сәйкес қолданыстағы заңнаманы толықтай жетілдіру қажет. Барлық заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілер Конституция талаптарына сәйкестендіріліп, құқықтық қайшылықтар жойылуы тиіс.

Сонымен қатар мемлекеттік органдардың қызметінде Конституцияның тікелей қолданылу қағидаты қатаң сақталуы қажет. Мемлекеттік шешімдер қабылдау барысында адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және жариялылық қағидаттары басшылыққа алынуы тиіс.

Конституциялық бақылау институттарының тиімді қызметі де ерекше маңызға ие. Конституциялық нормалардың сақталуына тұрақты құқықтық бақылау жүргізіліп, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғаудың құқықтық тетіктері жетілдірілуі қажет», - дейді ол.

Ал Конституцияның тиімді жүзеге асырылуы үшін халықтың құқықтық мәдениеті мен құқықтық сауаттылығын арттыру маңызды. Азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі, Конституцияның мазмұны мен мәнін түсінуі құқықтық мемлекет қағидаттарының нығаюына ықпал етеді.

«Сондай-ақ мемлекеттік органдардың ашықтығы мен есептілігін күшейту, қоғамдық бақылау институттарын дамыту және азаматтардың мемлекеттік басқару процесіне белсенді қатысуына жағдай жасау Конституцияда көзделген демократиялық қағидаттарды іске асырудың маңызды тетіктері болып табылады.

Осылайша, жаңа Конституция нормаларының толыққанды жүзеге асырылуы заңнаманы жетілдірумен, мемлекеттік органдардың жауапты қызметімен, конституциялық бақылаудың тиімділігімен және қоғамның жоғары құқықтық мәдениетімен тығыз байланысты. Бұл шаралар Қазақстанның құқықтық, демократиялық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықты дамуына берік негіз қалайды», - деп пікір білдірді Ж.Ибрагимов.