Жалпыұлттық коалиция өкілдері 2-ЖЭО ұжымымен кездесті
Жалпыұлттық коалиция өкілдері елордадағы екінші жылу электр орталығының ұжымымен кездесіп, жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен маңыздылығын түсіндірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кездесу барысында қоғам үшін маңызды саяси өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған бастамалар айтылды.
Кездесу барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен маңыздылығы түсіндірілді. Қоғам үшін маңызды саяси өзгерістер, азаматтардың құқықтары мен мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған бастамалар айтылды.
Жиынға «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы, жалпыұлттық коалицияның Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұхаммед Болысбек, Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек, қоғам белсенділері Юсуп Келигов пен Нұржан Бияқаев қатысты.

Мұхаммед Болысбек өз сөзінде конституциялық өзгерістердің қоғамдағы демократиялық үдерістерді нығайтуға бағытталғанын айтты.
«Жаңа Конституция жобасы – еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға бағытталған маңызды құжат. Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, мемлекеттік институттардың жауапкершілігін арттыруға мүмкіндік береді», – деді Мұхаммед Болысбек.

Астана қаласы мәслихатының депутаты Қанат Естек Конституциялық реформалардың жергілікті басқару жүйесін дамытудағы рөліне тоқталды.
«Конституциялық өзгерістер жергілікті өкілді органдардың мүмкіндіктерін кеңейтіп, қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді. Бұл – ашық әрі тиімді мемлекеттік басқаруға жасалған маңызды қадам», – деді ол.
Қоғам белсенділері Юсуп Келигов пен Нұржан Бияқаев жаңа өзгерістердің қоғамдық тұрақтылық пен азаматтық жауапкершілікті арттырудағы маңызы туралы айтты.
Кездесу барысында ЖЭО-2 қызметкерлері өз пікірлерін айтып, көкейдегі сұрақтарын қойды. Спикерлер барлық сауалдарға жауап беріп, ұсыныстар мен пікірлерді тыңдады.

Жиын ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар елдің саяси дамуына қатысты маңызды мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Айта кетейік, бүгінде екінші жылу электр орталығында 1100-ге жуық адам, жалпы «Астана-Энергия» АҚ-да 1800-ге жуық адам еңбек етеді.
Еске салсақ, елімізде энергетиктер жаңа Конституция жобасын қолдады.