Астанаға Дүниежүзілік допингке қарсы агенттіктің (WADA) бас директоры Оливер Неггли келді. 22–27 қараша аралығында елордада агенттіктің басқарушы органдары — Құрылтайшылар кеңесі мен Атқарушы комитетінің кездесулері мен отырыстары өтеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Туризм жəне спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Қатысушылар Дүниежүзілік антидопинг кодексін іске асыру, таза спортты қорғау жүйесін дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылайды. Құрылтайшылар кеңесі — WADA-ның жоғары басқарушы органы. Оның құрамына спорт қозғалысы мен мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
Қазақстан Орталық Азияда алғаш рет WADA-ның осындай деңгейдегі іс-шараларын қабылдап отыр. Оливер Неггли агенттікті 2016 жылдан бері басқарады.
Еске сала кетсек, Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік 2027 жылғы конгресін Астанада өткізуді жоспарлап отыр.