Header Banner

«Әділет» партиясының өкілдері «Астана Балет» театрының еңбек ұжымымен кездесті

Бүгін, 17:51
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Әділет» партиясының өкілдері «Астана Балет» театрының еңбек ұжымымен кездесті
Фото: «Әділет» партиясы

23 қарашада Астананың Есіл ауданында «Әділет» партиясының өкілдері «Астана Балет» театрының еңбек ұжымымен кездесті. Басқосуда медициналық көмектің қолжетімділігі, мектептердегі орын тапшылығы және жастарды жұмыспен қамту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесуге партиялық тізім бойынша мәслихат депутаттығына кандидаттар — «Profi DM» ЖШС директоры Вероника Масимова және партия жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының Астана қалалық филиалының төрағасы Арсланбек Мағзұм қатысты. № 12 округ бойынша кандидат Нұрбол Тұрсынбаевтың бағдарламасын оның сенімді өкілі Сұңқар Хангелдина таныстырды.

Вероника Масимова партияның 2026–2031 жылдарға арналған бағдарламасындағы денсаулық сақтау және білім беру бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, Алматы ауданында 250 төсек-орындық перинаталдық орталық, Сарыарқа ауданында 200 төсек-орындық акушерлік блок салу және № 1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасын реконструкциялау көзделген.

Сондай-ақ Қарағанды тасжолы бойында медицина қызметкерлеріне жатақхана салу, денсаулық сақтау саласындағы 1800 жас маманды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Бағдарламадағы мақсаттардың бірі — қала тұрғындарының орташа өмір сүру ұзақтығын 81,8 жасқа жеткізу.

«Қаладағы өзекті мәселелердің бірі — мектептердің толып кетуі мен балабақшалардағы орын тапшылығы. Алдағы бес жылда 121 мың оқушыға арналған мектептер салуды жоспарлап отырмыз. Бұл қолданыстағы мектептердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді», — деді Вероника Масимова.

Арсланбек Мағзұм жастар саясаты мен еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді таныстырды. Ол бес жылда 200 мың жаңа жұмыс орнын ашу, «Алғашқы жұмыс орны» және «Жастар практикасы» жобалары арқылы жыл сайын алты мыңға жуық жасты жұмыспен қамту міндеттерін атап өтті.

«JOLTAP» жобасы жастарға жаңа кәсіп игеруге мүмкіндік береді. Курстарда мобилография, SMM, тігін және басқа да бағыттар бойынша оқытып, жұмысқа орналасуына көмектесеміз», — деді Арсланбек Мағзұм.

Сұңқар Хангелдина Нұрбол Тұрсынбаевтың бағдарламасындағы негізгі бағыттардың бірі медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру екенін айтты. Ол емханаларға жазылу, жолдама алу және тұрғындарға ыңғайлы қызмет көрсету мәселелеріне тоқталды.

«Біздің мақсатымыз — емханалар санын көбейтіп, медициналық қызметтің халыққа қолжетімді әрі ыңғайлы болуын қамтамасыз ету», — деді кандидаттың сенімді өкілі.

* Астана қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.