Ұлттық экономикалық дербестікке қол жеткіздік – экономист-сарапшы
Экономикалық зерттеулер институты Өңірлік зерттеулер және өмір сапасы орталығының директоры Нұрболат Құрметұлы Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі басты стратегиялық мақсаттардың бірі – ұлттық экономикалық дербестікке қол жеткізу болғанын атап өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Менің ойымша, еліміз егемендік алғаннан бері, бірнеше бағытта экономикалық дербестікке қол жеткізді деп ойлаймын. Соңғы 30 жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан институционалдық және саяси тұрғыдан экономикалық дербестіктің негізгі элементтерін қалыптастырды. Алайда ұзақмерзімді перспективада экономиканың құрылымдық әртараптандырылуы мен технологиялық тәуелсіздік бағытында жұмыс жалғасуды қажет етеді», - дейді сарапшы.
Сарапшы бірнеше бағытты атап өтті.
Ресурстық және өндірістік базаны дербес басқару
Қазақстан өзінің табиғи байлықтарына, әсіресе мұнай-газ, металлургия және уран секторларына толық егемендік орнатты. Пайдалы қазбалар кен орындарын игеруге шетелдік және отандық инвесторларды тарта отырып, ел әлемдік шикізат нарығында маңызды ойыншыға айналды. Қазіргі таңда Қазақстан уран, хром, мыс, мырыш, вольфрам және басқа да пайдалы қазбалардың қоры мен өндірісі бойынша әлемде жетекші орындарда тұр. Бұл бағытта минералдық-шикізаттық әлеуетті тиімді пайдалану ұлттық экономикалық тәуелсіздікті нығайтып, экспорттық табыстардың негізгі көзіне айналды.
Қаржы және макроэкономикалық саясатты дербес жүргізу
Ұлттық валютамыз – теңге айналымға енгізіліп, дербес Ұлттық Банк пен қаржы жүйесі қалыптасты. Бұл Қазақстанға өз ақша-несие және салық-бюджет саясатын дербес жүргізуге, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және ұлттық қаржы нарығын дамытуға мүмкіндік берді.
Сыртқы экономикалық қатынастарда тең құқылы субъект болу
Қазақстан көпвекторлы сыртқы экономикалық саясатты дәйекті түрде жүзеге асырып, ЕАЭО, ШЫҰ, БҰҰ және ДСҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдармен серіктестік орнатты. Мұндай ашық және теңгерімді саясат еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, Қазақстанды ТМД кеңістігіндегі жетекші экономикалық орталықтардың біріне айналдырды.