Тоқаев: «Конституцияда тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді»

Бүгін, 14:05
Думан Аманжол Думан Аманжол
Тоқаев: «Конституцияда тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді»
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз конференциясы еліміздегі ауқымды өзгерістер кезеңіне тұспа-тұс келгенін айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақордаға сілтеме жасап.

«Бәріміз бір ел болып, түбегейлі реформаларды ойдағыдай жүзеге асырдық.

Наурыз айында өткен жалпыұлттық референдум нәтижесінде жаңа Халық Конституциясы қабылданды. Тұтас қоғам қолдаған Ата заң бірінші шілде күні күшіне енді. Бұл – еліміз үшін маңызы ерекше тарихи оқиға.  

Бас құжатта тұңғыш рет білім саласына айрықша мән берілді, яғни адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамыту еліміздің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды», - деді Президент.

Ол сондай-ақ қазір бүкіл билік жүйесін және қоғамдық институттарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүріп жатқанын атап өтті.

«Осыдан бірнеше күн бұрын алғашқы Құрылтай сайлауы өтті. Ал кеше оның нәтижелері шықты. Бұл өте маңызды саяси науқан, саяси іс-шара деп те айтуға болады, шын мәнінде, бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейде ұйымдастырылды.  

Осы істе Орталық сайлау комиссиясы үлкен рөл атқарды. Сайлау үдерісіне дұрыс шешімдер, соның ішінде жасанды интеллект технологиясы енгізілуде. Мұндай әдіс-тәсілдер науқанның сапасын арттыра түсті.  

Сондай-ақ сайлауға шетелдік байқаушылар тарапынан да қызығушылық жоғары болды. Халықаралық қауымдастық сайлау нәтижесін мойындады, оның ұлттық заңнамаға және барлық талаптарға сай өткенін атап өтті.  

Мен бүгін Конституцияның 46-бабына сәйкес бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясын шақыру туралы Жарлыққа қол қойдым. Алқалы жиын 28 тамыз күні болады. Оған дейін Құрылтайға өткен партиялар депутаттардың тізімін әзірлеуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.