«Таза Қазақстан»: Астанада «Таза сәрсенбі» экологиялық іс-шарасы өтіп жатыр

«Таза Қазақстан»: Астанада «Таза сәрсенбі» экологиялық іс-шарасы өтіп жатыр
Фото: Ришат Иркабаев

Астанада «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Таза сәрсенбі» экологиялық акциясы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Іс-шара Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Байқоңыр» ауданы әкімдігінің қолдауымен «Индустриалды парк» аумағында («Zammler Kazakhstan» ЖШС) ұйымдастырылып жатыр.

Акцияға «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының жастары қатысты.

Іс-шара барысында жастар қоғамдық аумақтарды қоқыстан тазартып, тұрғындар үшін таза әрі қауіпсіз демалыс орнын қалыптастыруға үлес қосты. Акцияның басты мақсаты – қаланың экологиялық жағдайын жақсарту, тазалық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидаларын насихаттау.

Астана қаласы «Байқоңыр» ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы Нұрислам Батырбектің айтуынша, «Таза Қазақстан» бастамасы тек сенбілік ұйымдастырумен шектелмейді.

«Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы қарқынды жүріп жатыр. Бұл жай ғана көше сыпырып, қоқыс шығару емес. Бұл – ең алдымен қоғамның санасын жаңғыртып, тазалық мәдениетін қалыптастыратын үлкен қадам. Бүгінгі басты мақсатымыз – қоғамдық жағажайды қоқыстан тазартып, қала тұрғындарына жайлы әрі қауіпсіз демалыс орнын жасап беру», – деді ол.

Оның сөзінше, бұл акцияға жастарды тартудың тәрбиелік мәні зор.

«Бұның астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Өз қолымен жағажайды тазалаған, табиғатқа жанашырлық танытып, маңдай терін төккен жас буын ертеңгі күні көшеге қоқыс тастамайды. Біз осы іс-шара арқылы әрбір жастың бойында өз қаласына деген сүйіспеншілікті, тәртіп пен тазалыққа деген саналы көзқарасты оятқымыз келеді. Айта кететін бір жайт, дәл осындай экологиялық және басқа да қоғамдық маңызы бар көптеген іс-шара біздің «Байқоңыр» ауданында бұған дейін де ауқымды түрде ұйымдастырылып келеді. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар тоқтамайды, жаңа жобалармен, жақсы бастамалармен жүйелі түрде жалғаса береді. Сондықтан «Таза Қазақстан» – бір күндік немесе бір айлық науқан емес, бұл біздің күнделікті өмір салтымызға айналуы тиіс. Елордамыздың, ауданымыздың тазалығы – баршамызға ортақ іс», – деді Нұрислам Батырбек.

Айта кетейік, биыл «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының XXII еңбек маусымы басталды. Жоба аясында елорда бойынша 5 200-ден астам жас жұмыспен қамтылады. 14 пен 35 жас аралығындағы жастар құрылыс нысандарында, «жасыл белдеуде», әлеуметтік және білім беру мекемелері аумағында, сондай-ақ қала саябақтары мен көгалдандыру жұмыстарына тартылып жатыр.

Бұған дейін «Таза Қазақстан» акциясы аясында елордалық оқушыларға эко-патруль ұйымдастырылғанын жазған едік.