Тарқама, футбол тойы!
...Ғұмырдың қорытынды кезеңінде өзім құлай сүйген әлемдік футбол тойын тағы бір рет (бұдан бұрын Испания-82, Мексика-86, Италия-90, Франция-98, Бразилия-14 чемпионаттарына куә болғанмын — авт.) түбінен көруге талпынып, ұшақ билеттерін сайлап, жүрер жол, жатын орын, ішер ас — бәрін қамдап алған соң, қағаз-қоржынға бүгін басталар чемпионаттың соңғы жаңалықтарын қаттап салып жатып, домаладым да қалдым...
...Көзімді ашқанда білгенім — ақ халатты абзал жандар тамыр қуалап жүрекке кіріп-шығып, қатты тарылған күретамырға кергіш сақина салып тастапты. Бүгін Мексикадан, ертең Америкадан, бүрсүгүні Канададан елге репортаж беріп тұрармын деген басым... енді Астанадағы ауруханадан сөйлеп отырған жайым бар. Үй-іші, бала-шағаның қарсы болғанына қарамай, тізгінімді жұла қашқан мені Алла Тағала бір-ақ шешімімен тізерлетті. Бұдан соң Құдайдың құдіретін қалай мойындамайсың?!!
...Шешініп тастап, өзің араласып кетпеген соң, өзегің өртенсе де, өзгенің айтқанына көнесің, біреудің шайнап бергенін жұтасың. Бұған амал жоқ. Сондықтан әлі басталмаған чемпионат қызықтарының бүгін жинаған бірнешеуін тіске басайын.
(Алыстағы Америка, Мексика, Канадада футболдан бүгін басталатын кезекті әлем чемпионатына... ауылда отырып-ақ жол тілеу.)
Домалатқан — жүрек. Кәдімгі тұла бойға қан айдап, ағзаға жан бітіріп, бір күннің 24 сағатында ғана емес, тұтас өмірдің бар күн, бар ай, бар жылдарында тынбай лүпілдеп тұратын жұдырықтай жүрек!
Бұл үш елде өтетін кезекті футбол тойына аттанған 48 команда түгелдей Америка құрлығына жетіп жығылды.
Бұл 48-дің үшеуін — Иран, Сенегал, Өзбекстанды — жуан таяқ Америка жұдырығын түйіп қарсы алды. Әсіресе, Иранды оңдырмай жұлмалады. Оларды жағасынан ышқырына дейін тексергені былай тұрсын, делегацияның 14 адамын (!) Америкаға кіргізбей қойды! Олардың арасында бапкерлер, дәрігерлер, сылап-сипаушылар, бар шаруаны атқарушы адамдар бар. Мұндай «қонақжайлыққа» қатты ренжіген ирандықтар командасы Америка жерінде ойнайтын болса да, көршілес Мексикаға қоныс аударып, сол елдің Тихуана қаласына барып жатып алды.
Сенегал елінің сәйгүліктерін Америка тіптен қорлап қарсы алды. Оларды әуежайға тікелей кіргізбей, ұшу-қону жолдарына бүкіл делегациясымен төгіп тастап, аяқ киімінен іш киіміне шейін шешкізіп тексерді. Сөмке, қалта дегендерден тарының дәніне дейін тауып алып, тіске басып қарады. Мынадай қорлыққа шыдамай, қайтып кету жайлы пікір айтқандарды делегация басшысы Сенегалдың бұл елге әлем чемпионы атануға келгенін ескертіп жүріп, әрең тоқтатты. Өзбекстан да осы құқайды көрді. Бас бапкер Каннаваро: «ФИФА мына елге әлем чемпионатын өткізуді қалай сеніп тапсырған?», — деп дал болды да қалдым.
Ирақтың фототілшісін, Сомалидің төрешісін Америкаға ұшып кеп тұрған жерінен, келген ұшағына қайта тиеп, қайтарып жіберді.
Американың бұл теріс қылықтарын сырт елдер ғана емес, өз ішінде де гулетіп сөз қылып жатыр. Осы чемпионаттың финалы өтетін Нью-Йорктің кеше ғана мэр атанғанда антты Құран ұстап тұрып берген әкімі Захрдан Мамдани: «Трамп пен Ақ үйдің әкімшілігі елге келіп жатқан қонақтарды бұлай кемсітуі, қорлауы арқылы Американың бетіне қара күйе жағуда!» — деп айтып тастады.
Ол рас, төрт жылда бір келетін футбол тойы жұмыр жердегі 8,8 миллиард адамды осы бір ай он күн бойы теңестіріп, кедейдің тақыр кедейшілігін, байдың бар байлығын ойлатпайтын, аштың қарнын жұбатып, тоқты тәубасына келтіретін, әртүрлі діни сенімдегі, түр-түсі әртүрлі халықтарды бірге қуантып, бірге жылататын ерекше оқиға емес пе?! Олай болса, тарқама, футбол тойы!!!
Тарқама, футбол тойы! Ел тарқаса да, тарқама!
Үзілме, футбол тойы! Мен үзілсем де, үзілме!
Ұйықтама, футбол тойы! Мен ұйықтап кетсем де, ұйықтама!
Ел көшсе де, тарқама, ғасыр көшсе де, тарқама, футбол тойы!!!

Бразилия! Бразилия!!! Бра-зи-лия!!!!!
Бразилия құрама командасы тұрғанда, басқа құрамалар менің көзіме түспейді де, көрінбейді де! Бұл — алғашқы махаббат секілді. Бүгінде Еуропаны теңселтіп тұрған Испания, Франция, Англия, Португалия, Германия дегендер мен үшін қолдан жасаған қағаз командалар секілді. Ол жайлы 3-4 күн бұрын Монсон екеуміз айттық та. Шыны сол. Бұл командаларды терең қаузап, зерттеп жіберсеңіз, олардағы ойыншылардың сүбелі бөлігінің ол елдерге сорпасы да қосылмайды.
Ал Бразилия — бөлек. Бұл ел, керісінше, футболшы дегенді бума-бумасымен туып, оларды әлемнің бар еліне тарыдай шашып жатыр. Бір ғана Сан-Паулудың «Пакаэмбу» стадионында орналасқан Футбол даңқы музейіне (2014 жылы Бразилияда өткен кезекті әлем чемпионатына барғанда мен бұл музейде болдым және ерекше таңғалдым: мұндай футбол музейін Бразилия ғана аша алады! — Н.Ж.) бұл елдің 30-дан аса футболшысының аты-жөні мен суреттері алтынмен аптап, күміспен күптеп қойылыпты: Пеле, Карлос Алберто, Зико, Роналдо, Роналдиньо, Сократес, Жайрзиньо, Гарринча, Кафу, Ривалдо т.сс. Әрине, «өз музейі, қаншасын қойса да өздері біледі...» дерсіздер. Олай емес, егер біз осындай Футбол даңқы музейін аша қалсақ, оған алтын әріппен жазып қоятын футболшы табар ма едік? Тапсақ та, біреу, екеу...
Ал Бразилияның кез келген әйелі кез келген жылы ғажап футболшы туа алатыны бүкіл әлемге аян... Алысқа бармай-ақ қояйық: Еуропа Чемпиондар лигасын шайқап жүрген Алматының «Қайрат» шағын футбол командасының ойыншылары түгелге жуық, оған қоса бапкері де бразилиялық болғанын кімнен жасыра аламыз?!
Үлкен футболдағы Бразилия құрама командасының табыстары тіптен ғажап: бес дүркін әлем чемпиондары, әлем чемпионаттарының бәріне қатысқан жалғыз құрама команда! Өкінішке қарай, бүгінгі Бразилия футболының еңсесі төмен. Сонау 2002 жылдан бері олар әлем чемпионы атанбады. Бұл — Бразилия секілді балаларының бәрі анасынан доп ұстап туатын елдің бетіне салық. Бұл чемпионатты да Бразилия құрамасы жігерсіз бастады. Әрине, Африка құрлығы кубогының иесі, өздері «Африкадағы бразилиялықтар» атанып жүрген Марокко құрама командасы оңай шағылар жаңғақ емес.
Сонда да болса, жасыл алаңға шыққанда әрбір 11 футболшысы күнге шағылысқан алмастай боп жүретін бұл құрамадан мен қақпадағы Алиссон Беккерді, шабуылдағы Винисиус пен Рафиньяны ғана көре алдым. Оның ішінде өз басым «осы чемпионаттың жұлдызы бола ма?» деген Рафинья тым солғын ойнады. Беккер қақпада ғой, тек Винисиус өзінің жарқ ете қалатын қасиетімен Нью-Джерсидегі алып стадионды бір аунатып түсірді. Басқа кім бар? Қартайып, мінез мен тәртіптен сазайын тартып жүрген Неймардан басқа ешкім аузыма түспей отыр...
Құраманы баптауға клубтық командалардың тізгінін тартуда жетпеген биігі жоқ италиялық маман Карло Анчелотти шақырылды. Мен бұл таңдауға да күмәнмен қарадым. Бар ойыншы бір үйдің баласындай клубтық футбол басқа да, әр жақтан айдап келіп, ортақ қораға қамаған арғымақтардай құрама команда бөлек қой. Папа Карлоның осы тізгінді берік ұстап, алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп тұрған бұл бразилиялықтардың бәрін бір мақсатқа жұмылдыруға шамасы келер ме екен?! Бүгінгі ойынына қарап мен дәл солай дей алмадым...
Бірінші ойында тең түсті Бразилия құрама командасы. Рас, қалған екі қарсылас беделді емес. Әйтсе де, бұл топтан алдын ала Бразилия мен Марокконы келесі сатыға шығарып қойып жүрген білгіштердің аузы Шотландиядан күйіп қалуы мүмкін. Ал Бразилия осындай командалардың қыспағынан өз тобынан үшінші орынмен шығып жатса — бетке қара күйе жағылғаны. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» деген мақалды бразилиялықтар біле ме, білмей ме, ол жағы маған қалың тұман. Әй, қайдам, қазақтың сол айтқыштығы футболды қазақтың мақалындай өрнектей алатын соларға жұға қоймаған шығар-ау!
Несіп Жүнісбаев