Шымкентте Қорқыт ата университетінің өңіраралық кеңсесі жұмысын бастады

10 маусым, 2026
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Шымкентте Қорқыт ата университетінің өңіраралық кеңсесі жұмысын бастады
фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің алғашқы өңіраралық кеңсесі Шымкент қаласында пайдалануға берілді, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. 

Кеңсенің негізгі мақсаты – Шымкент қаласы, Түркістан облысы және шекаралас өңірлердегі білім беру ұйымдарымен байланысты нығайту, талапкерлерге кәсіби бағдар беру, бизнес қауымдастықпен серіктестікті дамыту және университеттің білім беру мүмкіндіктерін кеңінен таныстыру.

Университет өкілі Жандос Оразмаханов кеңсенің жұмысы үш бағытта жүргізілетінін айтты. Біріншісі – талапкерлерді тарту және кәсіби бағдар беру: Шымкент, Түркістан облысы, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінің талапкерлеріне оқу бағдарламалары мен қабылдау шарттары бойынша кеңес беріледі. Екіншісі – кәсіпкерлер мен мамандарға арналған біліктілікті арттыру және қысқа мерзімді оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру. Үшіншісі – бизнес қауымдастықпен серіктестікті нығайту мақсатында кездесулер, семинарлар, тренингтер мен форумдар өткізу.

Кеңсенің жұмысын бастау аясында университет өкілдері өңірдегі әріптестерімен «Талапкер-2026: мүмкіндіктер мен қауіптер» тақырыбында кәсіби нетворкинг кездесуін өткізді.

Маусым–шілде айларында кеңсе қызметі негізінен кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізуге, талапкерлерді оқуға тартуға және қабылдау науқанына қолдау көрсетуге бағытталады. Сонымен қатар университеттің SeoulTech университетімен бірлесіп құрған Жасанды интеллект институтына дарынды талапкерлерді тарту және IT мен жасанды интеллект саласындағы білім беру мүмкіндіктерін насихаттау жұмыстары жүргізіледі.

Айта кетейік, кеңсенің ресми ашылуы алдағы айға жоспарланған.