Су мамандықтары үшін талапкерлерге 751 білім беру гранты қарастырылды

Су мамандықтары үшін талапкерлерге 751 білім беру гранты қарастырылды
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су шаруашылығы саласының кадрлық әлеуетін арттыру мәселелері бойынша аппарат кеңесін өткізді. 2026-2027 оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарына су мамандықтары бойынша түсетін талапкерлер үшін 751 білім беру гранты қарастырылған, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, «Гидромелиорация» мамандығына 100 грант, «Сумен жабдықтау және су бұру» мамандығына 100 грант бөлінген. Ал «Гидротехникалық құрылыс және су ресурстарын басқару» мамандығына – 215 грант, «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығына – 336 грант қарастырылған. Оның ішінде 286 грант күндізгі оқу нысанына, 50 грант қысқартылған оқу бағдарламасына арналған.

Бұл тізімге жоғары оқу орындары өз бетінше айқындайтын нысаналы гранттар енгізілмеген. Олардың саны осы айдың соңына дейін белгілі болады.

Қазіргі таңда Қазақстанның жоғары оқу орындарында су саласы мамандықтары бойынша 2 629 студент білім алып жатыр. Оның 2 393-і бакалавриатта оқиды, олардың ішінде 1 106 студент былтыр бірінші курсқа қабылданған. Сонымен қатар 126 адам магистратурада, 110 адам докторантурада білім алып жатыр.

«Қазсушар» филиалдарында студенттердің өндірістік тәжірибеден сапалы өтуін ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлу қажет. Осы мақсатта біз су саласының мамандарын даярлайтын барлық жоғары оқу орны мен колледждермен меморандум жасадық. «Қазсушар», Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы, Ұлттық гидрогеологиялық қызмет, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, екі комитет және министрліктің орталық аппараты түлектерді жұмысқа қабылдауы тиіс. Бос жұмыс орындары бар, сондықтан бұл жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Енді бізге бөлінген білім грантының жеткіліктілігін анықтау керек. Алдағы бес жылға су саласының кадрлық қажеттілігін айқындап, бұл мәселені Ғылым және жоғары білім министрлігімен және жоғары оқу орындарымен бірлесіп пысықтауымыз қажет», - деді министр Нұржан Нұржігітов.

Еске сала кетсек, жыл соңына дейін 105 гидротехникалық нысан жан-жақты зерттеледі.