Щучинскідегі өрт: Қылмыстық істі тергеу аяқталды
Ақмола облысының арнайы прокурорлары «Центр плова Loft» кафесіндегі өрт фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас прокуратураға сілтеме жасап.
Қылмыстық жауаптылыққа кафені жалға алушы, автогаз құю стансасының директоры және газ жеткізуді жүзеге асырған тұлға тартылды. Олардың әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы 3-бөлігімен (өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) және 306-баптың 3-бөлігімен (қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) сараланды.
Арнайы прокурорлар қауіпсіздік талаптарының бұзылуы мен орын алған ауыр зардаптардың арасында тікелей себеп-салдарлық байланысты анықтады. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Естеріңізге сала кетейік, 26 ақпанда газ баллоны жарылып, арты өртке ұласқан қайғылы оқиға болды. Салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам түрлі дене жарақатын алды. Сондай-ақ ғимарат иесіне аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілді. Оқиғаны тергеуге ведомствоаралық комиссия құрылды. Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал дәмхананың иесі қамауға алынды.