Референдум-2026

Қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік, Тазалық, Қоршаған ортаны қорғау сынды құндылықтарды орнықтыру жалғасады

Бүгін, 13:56
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік, Тазалық, Қоршаған ортаны қорғау сынды құндылықтарды орнықтыру жалғасады
Фото: Ақорда

Бұл туралы Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап. 

«Адал азамат» тұжырымдамасы мен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоғамда жаңа этиканы қалыптастыруға арқау болды. Депутаттар осы жалпыұлттық бастамалардың мән-маңызын халыққа түсіндіруге және іске асыруға белсене атсалысты.
 
Парламенттің қажырлы қызметінің арқасында «Заң мен тәртіп» қағидаты мемлекет саясатында түбегейлі орнығып, ұлт болмысының ажырамас бөлігіне айнала бастады.
 
Сонымен қатар Парламент депутаттары Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға елеулі үлес қосты. Сол арқылы еліміздің жауапты әрі ықпалды «орта держава» ретіндегі рөлі күшейе түсті.
 
Депутаттар парламентаралық ассамблеялардың, шетелдік сапарлар мен форумдар аясында шетелдік әріптестерімен және жаһандық институттармен сенімді әрі нәтижелі байланыс орната білді.
 
Осы тұста Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің жұмысын айрықша атап өту қажет. Беделді диалог алаңының хатшылығы ұзақ жыл бойы Сенат аясында табысты жұмыс істеп келді.
 
Құрылтай басты заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты және институционалдық дәстүрді сақтап, жылдар бойы қалыптасқан бірегей парламенттік мәдениетті жоғалтпай, оны одан әрі дамытуға баса мән беруге тиіс.
 
Еліміздің жоғары өкілді органы – Құрылтайдың негізгі мақсаты – баршаға бірдей мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстанды құру ісіне атсалысу және осы бағытта белсенді жұмыс істеу.
 
Бір палаталы өкілді орган өзінің заңнамалық миссиясын табысты орындай отырып, қоғамда Заң мен Тәртіп, Еңбексүйгіштік, Тазалық, Қоршаған ортаны қорғау сынды мызғымас құндылықтарды орнықтыра түсуге барынша ықпал етеді деп сенемін», - деді Президент. 

Президент Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға екеніне тоқталды.

«Тұғырына қонған Ата заңымыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашады.
 
Осыған орай, мен бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоямын.
 
Соған сәйкес партиялар арасындағы бәсеке де жандана түседі. Біз жасампаз ел ретінде осы саяси науқанды да жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс.
 
Қазақстан халқы – қоғамда жасалып жатқан түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Азаматтармыз елдің ертеңіне бей-жай қарамай, шешуші сәтте таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді.
 
Бұл – жауапкершілігі жоғары, бірлігі бекем, рухы және мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет.
 
Сайлауға қатысу – елдік істен шет қалмау деген сөз. Осы ретте жұртымыз алдағы саяси науқанға белсене атсалысады деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.