Қазақстанның мемлекеттік орман қоры 60,2 мың гектарға артты
Елдің орман қорының жалпы алаңы 23 миллион гектардан астамды құрады. Бұл республиканың пайдаланылатын жер қорының – 8,7%-ы. Осылайша, 2024 жылы Қазақстанның мемлекеттік орман қоры 60,2 мың гектарға ұлғайды, деп хабарлады Elordainfo.kz Central Asia Climate Foundation сайтына сілтеме жасап.
1991 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде Қазақстан орман қорының жалпы алаңы 12 млн 846 мың гектарға өсті. Дегенмен, облыстар бойынша орман қорының көлемі өзгеріп отырды: бірқатар өңірлерде аумақтар ұлғайса, кейбір облыстарда азаюы байқалды.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері ең үлкен орман қорының өсуі Қызылорда (+5 млн 597,4 мың га), Жамбыл (+4 млн 117 мың га), Түркістан (+2 млн 950,7 мың га), Жетісу (+1 млн 517,2 мың га) облыстарында тіркелсе, Шығыс Қазақстан (-1 млн 6,3 мың га), Павлодар (-325 мың га), Қарағанды (-98,3 мың га), Солтүстік Қазақстан (-95,3 мың га) облыстарында көп көлемде азаю байқалды.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша орман қорының негізгі алаңдары Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан. Орман және бұталы өсімдіктері көп жерлер Қызылорда, Жамбыл, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында», - деп жазылған хабарламада.
Мемлекеттік орман қоры орман және бұталы алқаптардан 61% (14,1 млн га) тұрады. Орманның ең жоғары үлесі Солтүстік Қазақстан (90%) және Павлодар (86,9%) облыстарында, ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан (16,5%) және Ұлытау (19,3%) облыстарында тіркелген. Қызылорда облысындағы орман қорының жоғары (84,4%) болуы сексеуілді аумақтардың көп болуына байланысты.
«Қазақстан 4 табиғи-климаттық аймақта орналасқандықтан (орманды-далалы, далалы, шөлді және таулы) өсімдіктер дүниесі алуан түрлі. Түрлі бағалауға сәйкес, республика аумағында 5,7 мыңнан астам жоғарғы тамырлы өсімдіктер өседі, оның ішінде қына, папоротниктер, жалаңаш тұқымды және гүлді өсімдіктер бар. Олардың ішінде 108 реликті, шамамен 300 эндемик өсімдік бар, яғни олар әлемнің ешбір жерінде жабайы түрде кездеспейді», - деп жазылған ақпаратта.
Елдегі орман солтүстік аймақтардың қайың мен теректі ормандары, солтүстік-батысындағы аралды ормандар, ұсақ шоқыдағы қарағай ормандарынан, Ертістің оң жағасындағы таспа ормандарынан, Алтай мен Сауыр тауларының, Жоңғар Алатауы мен Тянь-Шань тауларының тау ормандарынан, сондай-ақ, сексеуіл, тоғай, жайылма ормандарынан тұрады.
Бұған дейін елімізде ағаш материалдарын электронды таңбалау жүйесі іске қосылып жатқанын жаздық.