Қазақстанда криптография нарығын дамыту мәселелері талқыланды
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінде ақпаратты криптографиялық қорғау құралдары нарығының перспективаларына арналған сарапшылық кездесу өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz ЖИЦДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жиынға вице-министр Досжан Мұсалиев, Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері, мемлекеттік органдар, сондай-ақ ІТ-компаниялар мен сала сарапшылары қатысты.

Кездесу барысында қатысушылар криптографияның цифрлық экономиканың маңызды іргетасына айналғанын атап өтті. Бүгінде ол банктік операциялар, электрондық құжат айналымы, цифрлық қолтаңба және азаматтардың жеке деректерін қорғауда негізгі рөл атқарады.
Сарапшылар деректер көлемі артқан сайын ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесінің де өзекті бола түсетінін айтты. Бұл ретте шифрлау алгоритмдері ғана емес, сонымен қатар цифрлық кілттерді басқару, жүйелерді дұрыс баптау және кибергигиена талаптарын сақтау маңызды екені сөз болды.
Сонымен қатар отандық криптографиялық шешімдерді дамыту, импортқа тәуелділікті азайту және посткванттық технологияларға дайындық мәселелері көтерілді. Мамандар мемлекеттік органдар, бизнес және IT-сала арасындағы ашық диалогтың маңызын атап өтті.
Вице-министр Досжан Мұсалиевтің айтуынша, криптография бүгінде тек қауіпсіздік құралы емес, цифрлық егемендіктің және мемлекеттік сервистерге деген сенімнің негізі болып отыр.
«Біздің мақсатымыз – отандық криптографиялық өнімдерді дамытуға жағдай жасау. Бұл цифрлық инфрақұрылымды ұзақ мерзімге қорғауға және болашақ технологиялық сын-қатерлерге дайын болуға мүмкіндік береді», – деді ол.
Кездесу қорытындысында министрлік деректерді қорғау тәсілдерін жетілдіру және цифрлық қауіпсіздікті арттыру бағытындағы жұмысты жалғастыратынын жеткізді.

Бұған дейін Астанада киберқауіпсіздік саласындағы ең өзекті тақырыптардың бірі посткванттық криптографияны дамыту талқыланған болатын.