Қазақстан дәрігерлері Ауғанстандағы пациенттерді емдеп жүр

Қазақстан дәрігерлері Ауғанстандағы пациенттерді емдеп жүр
Фото: ДСМ

Қазақстан дәрігерлері Ауғанстандағы гуманитарлық медициналық миссия аясында жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отандық дәрігерлер тобы Ауғанстанда жұмысын жалғастырып, халыққа практикалық медициналық көмек көрсетіп, өз тәжірибесін жергілікті мамандарға үйретті. Көпбейінді медициналық миссияның құрамына еліміздің травматология, ортопедия, кардиология, педиатрия, хирургия, урология, пульмонология және эпидемиология салаларындағы жетекші мамандары кірді.

Медициналық топтың жетекшісі Н.Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы директорының орынбасары Серік Балғазаров тағайындалды. Сонымен қатар миссияның құрамында травматолог-ортопед дәрігерлер Руслан Әбілов, Алексей Долгов және Нұрлан Ауғанов, гигиенист-эпидемиолог дәрігер Ғазиз Надуев, кардиолог Ерік Отарбаев, педиатр-пульмонолог Абылай Арыстанәлиев, балалар хирургі-эндоскопист Нышанбек Шиланбаев, уролог Рустам Сәлімов және хирург Серік Нұртазин қызмет атқарды.

Қазақстандық мамандардың жұмысы Ауғанстандағы медициналық мекемеленің бірінде ұйымдастырылған. Халыққа консультациялық көмек көрсетумен қатар дәрігерлер ауған әріптестерімен бірлесіп тексеру жүргізіп, консилиумдарға қатысты, күрделі клиникалық жағдайды талқылап, пациенттерді одан әрі емдеу тактикасын айқындады.

Тірек-қимыл аппаратының ауыр жарақаты мен туа біткен деформациясы бар пациенттерге ерекше назар аударылды. Травматолог-ортопед дәрігерлер күн сайын 40-қа дейін пациентке консультация өткізіп, олардың арасынан хирургиялық емдеуді қажет ететін ең күрделі жағдайды іріктейді. Қазақстандық мамандар күн сайын үш-төрт реконструктивтік-қалпына келтіру операциясын жасап, пациенттердің жоғалтқан функцияларын қалпына келтіруге және өмір сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік береді.

Ауғанстандағы Қазақстан медицинасы күндері аясында отандық травматолог-ортопедтер ауған тарабына Илизаров аппаратының жиынтықтарын табыстады. Бұл – күрделі сынықтарды емдеуде, аяқ-қол деформациясын түзетуде және сүйек кемістігін алмастыруда кеңінен қолданылатын бірегей жүйе.

Қазақстандық дәрігерлер Ауғанстан халқына алғаш рет көмек көрсетіп отырмағанын айта кету керек. Былтыр қараша айында болған жойқын жер сілкінісінен кейін Қазақстаннан медициналық топ жіберілген болатын. Сол кезде отандық мамандар он күннің ішінде 44 операция жасап, 100-ден астам пациентке медициналық көмек көрсетті.

Еске салсақ, Қазақстан Ауғанстанға 318 тонна гуманитарлық көмек және қазақстандық дәрігерлер тобын жіберді.