Қауіпсіздік жолындағы бірлескен жұмыс: Астанада полиция мен депутаттар негізгі бағыттарды талқылады

Бүгін, 20:27
Думан Аманжол Думан Аманжол
Қауіпсіздік жолындағы бірлескен жұмыс: Астанада полиция мен депутаттар негізгі бағыттарды талқылады
Фото: ұйымдастыру алқасы

Елордада Астана қаласы полиция департаментінің басшылығы мен қалалық мәслихат депутаттарының кездесуі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Кездесу барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзекті мәселелер, алдағы ынтымақтастық бағыттары және елордадағы құқықтық тәртіп жүйесін жетілдіру жолдары талқыланды.

Қалалық полицияның басшысы Марат Төлебаев депутаттардың бірлескен әрі тиімді жұмысқа қолайлы жағдай жасауға қосқан үлесін, жаңа учаскелік полиция пункттерін ашуға көрсеткен қолдауын атап өтті. Сонымен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Жүйелі профилактикалық жұмыстар мен мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылының нәтижесінде елордада қылмыс деңгейінің төмендегені де атап өтілді.

Өз кезегінде депутаттар қала тұрғындарын алаңдататын бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Олардың қатарында электросамокаттарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шаралары, рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою, автотұрақ ережелерін бұзу, жүргізушілердің көлік құралын жүргізу кезінде ұялы телефон қолдануы, жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтамауы, сондай-ақ құрылыс нысандары маңындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бар.

Депутаттар жүргізіліп жатқан полиция жұмысының арқасында елордамыздың ең қауіпсіз астаналардың бірі санатына кіретініне де тоқталды. Сондай-ақ халық қалаулылары көтерген мәселелер бойынша жедел кері байланыс пен сапалы жұмыс жүргізіліп жатқанына назар аударылды.
Кездесу соңында тараптар елордадағы заңдылық пен қауіпсіздікті нығайту жолында алдағы уақытта да сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін білдірді.