«Қарағанды- Жезқазған» республикалық жолын жаңғырту сәуір айында басталады

6 наурыз, 2026
Думан Аманжол Думан Аманжол
«Қарағанды- Жезқазған» республикалық жолын жаңғырту сәуір айында басталады
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Жарты ғасырдан астам уақыт жөндеу көрмеген «Қарағанды-Жезқазған» автожолын жаңғырту жұмыстары сәуір айында басталады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Дархан Иманашев жобаның дайындық жұмыстары аяқталғанын хабарлады.

«Жер учаскелері мен карьерлерге қатысты барлық мәселе жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен шешілді. Конкурстық рәсімдер аяқталған соң, мердігер анықталып, сәуір айының соңына таман құрылыс-монтаж жұмыстары басталады деп жоспарланған», - деді ол.

Жобаға сәйкес 122 шақырым учаске жаңғыртылады. Жол инфрақұрылымы кешенді түрде жаңартылады. Атап айтқанда, алты көпір реконструкцияланып, 130-дан астам су өткізу құбыры орнатылады. 

Сонымен қатар көлік айрықтары мен кері бұрылуға арналған жолақтар салынып, демалыс алаңдары мен автобус аялдамалары жабдықталады.

Сервистік алаңдарда эстакадалар, санитарлық-гигиеналық тораптар және жылы дәретханалар қарастырылған.

Жұмыстарды үш жылдан соң аяқтау  жоспарланып отыр.

Еске салсақ, Премьер-министр Олжас Бектенов елімізде өңіраралық жолдарды дамытуға көңіл бөлу қажет екенін айтқан болатын.