Қайрат Сәтжанов: бәсекелестік бар жерде нәтиже де бар

16 желтоқсан, 2025
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
Қайрат Сәтжанов: бәсекелестік бар жерде нәтиже де бар
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қайрат Сәтжанов: бәсекелестік бар жерде нәтиже де бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

- Әлем чемпионатының алдындағы тізім қалай жасақталды? Қомақты сыйақы тағайындалған соң, барлық мықтыларымыз барғылары келген шығар?

- Дубайдағы әлем чемпионатына баратын құрамды қазан айында Семейдегі Қазақстан чемпионатында топ жарған боксшылардан (9 спортшы) іріктедік. Ал кей салмақтардағы спортшылар Өзбекстандағы оқу-жаттығу жиынының қорытындысы бойынша алынды. Шынын айту керек, Ливерпульде әлем чемпионы атанған жігіттердің де бұл жарысқа барғысы келді. Алайда біз тек бір құрамға байланып қалмай, өзге боксшыларға да мүмкіндік беруді жөн санадық.

- Ливерпульдегі әлем чемпионатынан кейін 55 пен 70 келідегі көшбасшылар анықталған секілді еді. Енді Дубайда Сәкен Бибосынов пен Абылайхан Жүсіповтың топ жаруы қайта бұл салмақты шиеленістіргендей ме?

– Байқап отырғандарыңыздай, Қазақстанда бәсекелестік жоғары салмақ дәрежелерінде өнер көрсетіп жүрген боксшыларымыз шетелдік ареналарда да жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Бәсекелестік бар жерде нәтиже де бар. Мәселен, 2025 жылы 55 келіде сынға түскен Махмұд Сабырхан әлем чемпионы атанды. Нұрсұлтан Алтынбек әлем кубогының кезеңінде топ жарды. Бағлан Кенжебек пен Тимур Қабдешов те жүлде тұғырынан көрінді. Ал 70 келіде Төрехан Сабырхан мен Абылайхан Жүсіповтен бөлек, Фарух Тоқтасынов пен Нұрбек Мурсал да өзара иық тірестіріп тұр. Мұндай ішкі бәсеке ұлттық құраманың деңгейін көтеріп, боксшылардың босаңсуына жол бермейді.

- Осы әлем чемпионатында 5 бірдей боксшымыз дебют жасады. Олардың өнеріне қандай баға бересіз? Халықаралық деңгейде 60, 85, 90, +90 келіде әлі лайықты ізбасарлар қалыптаспағандай әсер қалдырды?

- Иә, 5 боксшыны алғаш рет жаһандық додаға қостық. Бұдан да көп болушы еді. Бірақ бірқатар жерлестеріміздің тәжірибесі әлі де аз. Алдағы уақытта олардың уақыты келетініне сенімдімін.

60 келіде Ливерпульде Париж Олимпиадасының чемпионы Абдумалик Халоковқа қарсы лайықты жұдырықтасқан Бибарыс Жексен бар. Ал 85 келіге Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай ауысқалы жатыр. 90 келіде Сағындық Тоғамбай көшбасшы болып қала береді. Дәулет Төлемісов те 90 келіге көтеріліп қалуы ықтимал. +90 келіде жас боксшымыз Аслан Елдібайұлыдан зор үміт күтеміз. Өкінішке қарай, ол Қазақстан чемпионатында қолын сындырып алып, Өзбекстандағы оқу-жаттығу жиынына қатыса алмай қалды. Енді 2026 жылы АҚШ-тағы оқу-жаттығуға баратын тізімге қосамыз.

- Әлем чемпионатының алдында басты қарсыластарыңыз Өзбекстан, Ресеймен бірге Ташкентте оқу-жаттығу жиынын өткізу идеясы қалай туындады? Пайдасын тигізді ме?

- Ливерпульдегі әлем чемпионаты барысында Өзбекстан құрамасының бас бапкері Толқын Киличевпен әңгімелесіп, Дубайдағы бәсекеге бірге дайындаламыз деп уағдаластық. Дұрыс шешім болды деп ойлаймын. 

Ташкенттегі оқу-жаттығу жиынына 32 боксшымызды апардық. Олардың әрқайсысы Өзбекстанның Олимпиада, әлем чемпиондарымен 3 спарринг жасады. Бұл біз үшін өте құнды тәжірибе болды.

- 2025 жылы алғаш рет 2 бірдей әлем чемпионаты, бірнеше әлем Кубогына қатыстыңыздар. Сіздер үшін үлкен тәжірибе болған шығар?

- Иә, 2025 жылы боксшыларымыз Испания, Сербия, Болгария, Таиланд және әлем Кубоктарының кезеңдері секілді турнирлерде айқасты. Одан бөлек, бауырларымыз Испания, Ресей, Өзбекстан мен өз елімізде бірнеше оқу-жаттығу жиындарына қатысты.

- Статистикаға көз жүгіртсек, кей боксшылар бір жылдың ішінде 20-дан астам жекпе-жекке шыққан екен. Алдағы жоспарларыңыз?

- Енді 2026 жылдың 4-25 қаңтары аралығында жалпы дене дайындығы бойынша Түркістан облысында оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Одан кейін бірқатар спортшыларымыз Испаниядағы турнирге аттанады. 

АҚШ құрамасы Олимпиада бағдарламасына кіретін 7 салмақтан 14 боксшыны бірге Колорадо-Спрингс қаласына дайындалуға шақырды. Жыл сайынғы дәстүрлі Болгария, Мажарстан, Сербиядағы жарыстарда да күштерімізді сынап көрмекшіміз. Моңғолияда өтетін Азия чемпионатына дайындалу үшін, Қазақстанда Өзбекстан, Қытай, Қырғызстан, Түркия және Англия құрамасы оқу-жаттығу жиынына қатысуға қызығушылық танытып отыр. 2025 жылдың басты жарысымыз – қыркүйек айындағы Жапониядағы жазғы Азия ойындары болмақ.