Психолог Лаура Тілеубердиева: Алкоголизмнің салдары туралы ерте жастан түсіндіру жұмысын жүргізу қажет
Елордадағы №6 қалалық емхананың алдын алу және әлеуметтік-психологиялық көмек беру бөлімшесінің психологы Лаура Тілеубердиева Elordainfo.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында ішімдікке тәуелділік, маскүнемдіктің себептері мен оның алдын алу жолдары туралы айтты.
- Қазір адамдардың ішімдікке салынуына көбіне қандай факторлар әсер етеді?
- Маскүнемдікке салынуға әлеуметтік және психологиялық дағдарыстар әсер етеді. Атап айтқанда, жиі кездесетін себептер - жалғыздық, отбасы мәселесі, жұмыссыздық, психологиялық шаршау және ұйқысыздық бар. Яғни, барлық проблеманы уақытша болса да ұмыту үшін ішімдік ішеді. Менің тәжірибемде жалғыздықты, жұмыссыздықты ұмыту, стрестен шығу үшін алкогольге әуестеніп, соңында өзінің адами келбетін жоғалтып алған жандар аз кездеспеді.
- Жастардың алкогольге әуестеніп, тәуелді болып бара жатқанын қандай белгісінен байқауға болады?
- Өкінішке қарай, бүгінгі күні жастар арасында алкоголь тұтыну аз кездеспейді. Оның алғашқы белгісіне ашуланшақтық, күйзеліске түсу, тұйықталу, адамның мінез-құлқының күрт өзгеруі, оқшаулану жатады. Сондай-ақ, отбасынан алшақтау, жиі ақша сұрау, еліктеушілік, өзін «мені түсінбейді» деп қабылдау, отбасының қолдауын сезінбеу де тәуелділіктің басталуына әсер етеді. Бір сөзбен айтқанда, эмоционалды тұрақсыз ортаға бейімделу байқалады.
- Ішімдікке салынбас үшін адам өзін психологиялық тұрғыдан қалай қолдауы қажет?
- Ең алдымен, адам өмірден шынайы қуаныш сыйлайтын құндылықтарды таба білуі маңызды. Бос уақытын тиімді өткізу, серуенге шығу, достарымен жақсы қарым-қатынаста бола білу, отбасымен жиі сырласу және олардың қолдауы үлкен рөл атқарады. Сонымен қатар, спортпен шұғылдану, зиянды әдеттерден аулақ болу, пайдалы орта қалыптастыру адамның өзін жақсы сезінуіне көмектеседі.
- Ішімдікке «қалыпты нәрсе» ретінде қарау қаншалықты қауіпті?
- Алкогольді қалыпты деп аз мөлшерде болса да қабылдау, біртіндеп тәуелділікке алып келуі мүмкін. Бұл - адамның өз денсаулығын екінші орынға қоюы. Сондықтан қоғамдағы ең үлкен қауіп - алкогольдің өмір салтының бір бөлігі ретінде есептелуі. Сондай-ақ, ішімдік экономикалық шығынға, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, қылмыс пен жол-көлік оқиғаларының көбеюіне себеп болуы мүмкін. Нәтижесінде адамның өмір сапасы төмендейді.
- Көмек сұрап келетіндердің ішінде жастардың үлесі шамамен қанша пайыз?
- Менің тәжірибемде бұл тақырыппен жастар келген емес. Жалпы орта жастағы ерлер мен әйелдер, зейнет жасына жақындаған адамдар болды. Мысалы, бір ер адам алкогольге тәуелді екенін жұмыстан айырылғаннан кейін ғана түсінген, бірақ бастапқыда бұл мәселені мойындамай, көмекке жүгінбеген.
- Ерлер мен әйелдер арасындағы ішімдікке тәуелділікте айырмашылық бар ма?
- Негізгі айырмашылықтар: ер адамдарда алкогольді шамадан тыс қолдану жиірек кездеседі. Ал әйелдерде тәуелділік кейде қысқа уақыт ішінде тезірек қалыптасуы мүмкін, себебі ағзаның сезімталдығы жоғары болады. Бірдей мөлшердегі ішімдіктің өзі әйел ағзасына көбірек зиян тигізуі мүмкін. Психологиялық тұрғыдан алғанда, әйелдерде тәуелділік көбіне стресс, депрессия сияқты жағдаймен жиі байланысты болса, ерлерде әлеуметтік орта мен әдетке айналдырудың салдары басымырақ.

- Бір адаммен жұмыс істеу үшін әдетте қанша уақыт кетеді?
- Көп уақыт қажет. Егер тәуелді адам болса, оған көмектесу үшін қаншама еңбегіңді және қуатыңды жұмсайсың.
- Маскүнемдіктің алдын алу үшін не істеу керек?
- Жастарға алдын алу туралы ерте жастан түсіндіру жұмысын жүргізу қажет деп ойлаймын. Жастармен сөйлесіп, оларға құлақ түру өте маңызды. Оларға психологиялық тұрғыдан отбасының қолдауы қажет. Стресті жасырып қоймай, дер кезінде көмек беріп, қажет болған жағдайда мамандарға жүгінуді үйрету керек. Жалпы мінез-құлықтағы өзгерістерге назар аударып, пайдалы орта қалыптастыру маңызды рөл атқарады.
- Осындай тақырыпта адамдармен жұмыс істеу сізге қиын емес пе?
- Мен өз жұмысымды өте жақсы көремін. Мұндай адамдармен жұмыс істеу маған үлкен жауапкершілік сезімін береді. Ең бастысы - олардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге көмектесу деп ойлаймын.
- Сұхбатыңызға рақмет!
Авторы: Мәдина Ізекенова