Павлодарда есірткіні магнит арқылы темір заттарға жасырған тұрғын ұсталды (ВИДЕО)

Бүгін, 11:54
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Павлодарда есірткіні магнит арқылы темір заттарға жасырған тұрғын ұсталды (ВИДЕО)
фото: polisia.kz

Павлодарда есірткіні магнит арқылы жасырған азамат ұсталды, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу аясында облыстық прокуратураның үйлестіруімен есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің қызметкерлері Павлодарда тыйым салынған заттардың ірі партиясын байланыссыз тәсілмен таратуды жоспарлаған 32 жастағы ер адамды ұстады.

«Күдікті бірнеше ай бойы полицияның бақылауында болды. Ер адам тұрғын үй кіреберісінің маңында кезекті есірткі затын жасырын қойып жатқан сәтте ұсталды. Тінту барысында оның тұрғылықты жеріндегі пәтерінен синтетикалық есірткі заты бар салмағы 150 грамнан асатын түйіншектер, таразылар, орау материалдары, қолғаптар, сондай-ақ жасырын қойып кету үшін дайындалған 6 мың магнит тәркіленді. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды», – деді Павлодар облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.

Ұсталған азаматтың айтуынша, ол синтетикалық есірткі заттарын жасыру мақсатында маркетплейстер арқылы магниттерге тапсырыс берген. Магниттердің көмегімен есірткіні металл заттарға бекітіп, жасырын орындардың фотосуреттерін түсіріп, координаттарын көлеңкелі интернет-дүкеннің кураторларына жолдаған. Ал есірткі тұтынушылар аталған дүкен арқылы түйіншектердің нақты орналасқан жері туралы ақпарат алып отырған.

Еске салайық, бұдан бұрын Талдықорған тұрғыны инвестиция саламын деп алаяқтарға 13 млн теңге аударғаны туралы хабарлаған едік.