Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, 25 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Құтқарылғандардың арасында 7 бала бар, деп хабарлайды Elordainfo.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Оқиға туралы хабарлама елорданың «112» пультіне түскен. Өрт Алматы ауданындағы Рақымжан Қошқарбаев даңғылы бойында орналасқан алты қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінен шыққан.
«Оқиға орнына жеткен ТЖМ бөлімшелері бесінші қабаттағы пәтерде үй заттарының жанып жатқанын анықтады. Құтқарушылар өртті сөндірумен қатар, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарды», - деп хабарлады ТЖД.
Өрт толықтай сөндірілді.
ТЖМ өкілдері тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтап, төтенше жағдай туындаған кезде дереу 112 нөміріне хабарласуды ескертеді.
Еске салсақ, Астанада 40 тонналық контейнерден өрт шыққанын жаздық.