Өңірлік кадр резервіндегі үміткер Астанадағы басқарма басшысының орынбасары болып тағайындалды
Өңірлік кадр резерві жобасы кәсіби әлеуеті жоғары азаматтарға жаңа мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментіне сілтеме жасап.
Мемлекеттік қызмет – жоғары жауапкершілікті, кәсібилікті және қоғам алдындағы адалдықты талап ететін маңызды сала. Бүгінде мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыру үшін білімді, тәжірибелі және бастамашыл мамандарды тарту ерекше маңызға ие. Осы бағытта өңірлік кадр резерві жобасы кәсіби әлеуеті жоғары азаматтарға жаңа мүмкіндік беріп отыр.
Осындай мүмкіндікті пайдаланған жанның бірі - Арман Шахимов. Жақында ол «Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары лауазымына конкурссыз тағайындалды. Бұл – резерв мүшелерінің мемлекеттік қызметте өз білімін, тәжірибесін және басқарушылық қабілетін іске асыруына жол ашатын нақты қадам.
Арман Мұратбекұлы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін «Қаржы» мамандығы бойынша, сондай-ақ Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған. Экономика және бизнес магистрі. Бұған дейін Астана қаласында Тексеру комиссиясында бірнеше жыл қызмет атқарып, кәсіби тәжірибе жинақтаған.
Жаңа лауазым қоршаған ортаны қорғау, табиғатты тиімді пайдалану және елорданың экологиялық дамуына қатысты маңызды міндеттерді қамтиды. Бұл салада кәсіби көзқарас пен нақты шешім қабылдай білу аса қажет.
Еске сала кетсек, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Алматыда мемлекеттік қызметті жаңғырту бағытындағы реформаларды таныстырды.