Паралимпиадаға қатысатын жалғыз ару Анна Грачова: 2022 жылға дейін пара спорт туралы мүлдем естімегенмін
Бүгін Италияда XIV қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Ал еліміздің сапынан 7 спортшы (6 ер, 1 әйел) cынға түседі. Жеті спортшының ішінде жалғыз әйел – пара шаңғышы Анна Грачова. Ол небәрі үш-төрт жылдың ішінде үлкен спортқа келіп, халықаралық деңгейге дейін көтерілді. Осы орайда отандасымыз Elordainfo.kz тілшісіне спортқа қалай келгенін, қандай қиындықты бастан өткергенін және жастарға айтар кеңесін бөлісті.
- Сіз Милан Паралимпиадасына жолдама алған 7 спортшының арасындағы жалғыз арусыз. Осы қысқы пара спорт түрі танымал емес әрі елімізде әйелдердің қатты қызықпайтынын ескерсек, сіз қалайша пара шаңғыға келіп қалдыңыз?
- 5 жасымда көру мүмкіндігім күрт төмендеп кетті. Салдарынан I топтағы мүгедек атандым. Бірақ айналамдағы жарықтарды, көлеңкелерді әлсін-әлсін ажырата аламын. Шынымды айтсам, 2022 жылға дейін пара спорт туралы мүлдем естімеген едім. Бос уақытымда жүзу, аэробика, йога, фитнеспен шұғылданғанды ұнататынмын. Әйтсе де кәсіби спорт туралы мүлдем ойламаппын. Оның үстіне туыстарым мен таныстарымның арасында кәсіби спортшы болмады. Бірақ 2022 жылы менің бапкерім Ермек Қуанұлы қоғамдық ұйымдар арқылы байланысқа шығып, жаттығуға шақырғанда барлығы күрт өзгерді. Осылай алғашқы қадамым басталды. Өмірімде бірінші рет шаңғы тептім. 400 метр қашықтықты 1 сағаттай уақытта өткердім. Әр метр сайын құлап, зығырым шықты. Бірақ берілмедім. Нәтижесінде 4 жылдан кейін қысқы Паралимпиада ойындарына баруға мүмкіндік алдым. Ең бастысы алға ұмтылсаң, сені қолдайтын жан міндетті түрде табылады екен.

- Шаңғыны үйрену мақсатында қандай қиындықтар туындады?
- Шаңғыға аяғым бейімделгеннен кейін уақыт көрсеткішім де жақсара берді. Жарыс айлағында қардың дауысы мен бапкердің айқайына мән беріп отырдым. Өзім де интернеттен Ресейдегі пара шаңғышылар жайлы тыңдап, керегімді алдым. Әсіресе қырдан үлкен жылдамдықпен түсу өте қиынға соғатын. Қорыққанымнан құлай салушы едім. Бірақ оның да амалы табылды.
- Милан Паралимпиадасының жолдамасын алғаныңызды қалай қабылдадыңыз?
- Әрине, қатты қуандым. Бірақ бұл жетістіктің артында үш жыл бойы тоқтаусыз дайындық тұрғанын айту керек. Күн сайын екі мезгіл жаттығу жасаймын. Жыл бойы тек сәуір айында ғана қысқа демалыс беріледі. Енді сол еңбектің жемісін Милан Паралимпиадасында жақсы нәтиже көрсетіп, жүлдеге айырбастасам деймін.
- Елімізде пара шаңғыдан әйелдер арасында бәсекелестік бар ма? Сіздер қалай жаттығасыздар?
- 4 жыл бойы Қостанай облысындағы шаңғы кешенінде жаттықтым. Уақыт өткен сайын оқу-жаттығу мен жарыстарға барып, тәжірибем шыңдалды. Өзімнің ерекшелігім – алға қойған белгілі бір мақсатым болса, соңына дейін жетуге тырысамын. Бастапқыда шаңғы тебуді үйренсем болды дегенмін. Кейін Қазақстан чемпионатында топ жардым. Мақсаттарым да өсе берді. Ішкі бәсекелестікке келетін болсақ, менің санатымда 7 пара шаңғышы бар. Алайда әр жыл сайын жаңадан жастар қосылып келеді. Салыстырмалы түрде мен шаңғыға 32 жасымда келдім. Енді қазіргі жастардың болашақта бәсекелестікті арттыратынын елестете беріңіз. Осы пара спорттың арқасында жаңа елдерді көрдім, эмоция алдым, өзге елдердің өкілдерімен сынға түсіп, өз күшімді тексердім. Менің түйгенім, мүмкін емес дүние жоқ екен. Барлығы адамның қалауы мен ерік-жігеріне тікелей байланысты.
- Сіз көпшілік арасынан суырылып шыққан санаулы жандардың бірісіз. Өзіңіздің артыңыздан ерген жастарға қандай ақыл-кеңес бере аласыз?
- БАҚ-тағы мәліметтерге сенсек, елімізде ресми 740 мың мүгедек адам бар екен. Ал пара спортпен айналысатындардың үлесі 10%-ға да жетпейді деп ойлаймын. Бұған басты себеп – қорқыныш. Сондықтан барша жандарға үйде тығылмай, армандарыңызды жүзеге асыруға кеңес беремін. Ыңғайлы уақытты күтіп жүре бермеңіздер. Барлығы өз іс-әрекетіңізге тікелей байланысты. Спорт – өмірге бейімделудің ең тиімді әдісі. Менде де 5 жыл бұрын пара шаңғыдан Қазақстан және Азия чемпионы боламын деген ой мүлдем болмаған еді. Адам өз мүмкіндігін біле бермейді. Әрдайым жаңа дүниеге ұмтылыңыздар.
- Сұхбатыңызға рахмет!