Бір әскери бөлімде үш ағайынды жігіт қызмет етеді
Гвардейск гарнизонында әскери қызметін жаңа бастап жатқан жас сарбаздардың арасында бірден көзге түсетін үшеу – ағайындылар, деп хабарлайды Elordainfo.kz Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Алексей және оның егіз інілері Владимир мен Геннадий Солтүстік Қазақстан облысындағы Тоқыш атты шағын ауылдан келген. Кеше ғана олар үйде, үлкен отбасының ортасында болса, бүгін әскер тәртібіне үйреніп, қатаң режимге, сапқа тұруға және жаңа өмір ырғағына бейімделіп жүр.
Жігіттер мұнда бар болғаны бір ай ғана болса да, өмірдің өзгергенін сезініп үлгерді. Таңертең ерте тұру, жаттығу, бұйрық – бәрі алғашында қиын әрі тосын көрінді. Дегенмен жанында жақын бауырлары бар. Жалғыз адамға қиын болар, бәлкім, алайда үшеуіне бірге жеңіл.
Әскерге бару туралы шешім де ортақ, отбасында айтылды. Алдымен егіздерге шақырту келді. Бірден борышымызды өтейік десті. Алексей де оларды қолдады. Ол сөзбен емес – бірге әскерде қызмет етуді таңдады. Осылайша үш ағайынды бір бөлімге, бір сапқа, Отан алдындағы борышты абыроймен өтеуге келді.
Әрқайсысының өз ойы, өз мақсаты бар. Алексей білімге ұмтылады – бос уақытында «Волоколамск тас жолы» кітабын оқып, ой түйіп, алдына мақсат қояды. Владимир мен Геннадий техникаға жақын. Әскерге дейін олар «КамАЗ» бен трактор жүргізген, енді механик-жүргізуші болуды армандайды. Алдағы өмірде қажет болатын әскери машық пен тәжірибе алғысы келеді.

Жирновтар отбасында алты бала бар. Ал олардың үшеуі дәл қазір әскерде борышын өтеп жүр. Анасы Ирина Жирноваға да үш ұлын бір уақытта әскерге шығарып салу оңай болмады. Дегенмен түсіністік пен қолдау да бар. Себебі олардың жалғыз емес екенін, бірге екенін біледі.
Қазір олар қатар жүріп келе жатыр. Бұл тек қызмет емес, одан да терең ұғым. Бұл – үйде басталған тәрбиенің жалғасы.

Еске сала кетсек, таяуда тегін оқуға грант алған әскери қызметшілердің тізімі жарияланды.