Марат Жұман: Әке болу – тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік

Марат Жұман: Әке болу – тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік
Фото: Марат Жұман

«Әкелер күніне» орай Астана қаласы «Есіл» ауданы бойынша «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары, жасөспірімдер құқығын қорғау комиссиясының мүшесі, отбасылық психолог Марат Жұманмен сұхбаттасқан едік. Әңгіме барысында ол қазіргі қоғамдағы әке рөлінің өзгеруі, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік, ұлттық құндылықтар мен саналы әкеліктің маңызы туралы ой бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

– Бүгінгі қоғамда әке бейнесі қалай өзгеріп келеді? Қазақстандық әкелердің бала тәрбиесіне деген көзқарасында қандай оң өзгерістер байқалады?

– Соңғы жылдары қоғамда әкенің рөліне деген көзқарас айтарлықтай өзгеріп келеді. Бұрын әкені көбіне отбасының материалдық қажеттілігін өтейтін адам ретінде қабылдасақ, бүгінде оның бала өміріне тікелей араласуы маңызды құндылыққа айналып отыр. Меніңше, жауапкершілік – ер азаматтың табиғатына тән қасиет. Қоғам да, аналар да әкеден соны күтеді. Қазір «әке тек асыраушы болуы керек» деген түсінік өзгеріп келеді. Баланың өміріне шынайы араласатын, онымен сөйлесетін, уақыт бөлетін әкенің орны ерекше. Ең бастысы – тәрбие сөзбен емес, жеке үлгімен беріледі. Әкенің өмір сүру салты, адамдармен қарым-қатынасы, еңбекке көзқарасы – бәрі бала үшін дайын үлгі. Сонымен қатар бүгінгі технологиялық дәуірде баланың эмоционалдық интеллектісі мен психологиялық тұрақтылығын қалыптастыруда әкенің рөлі бұрынғыдан да маңызды.

– Мемлекет бала құқығын қорғауға ерекше көңіл бөліп келеді. Әкелердің жауапкершілігін арттыру үшін тағы қандай бастамалар қажет деп санайсыз?

– Мемлекет бұл бағытта ауқымды жұмыстар жүргізіп жатыр. Бірақ сонымен қатар әкелердің құқықтық және психологиялық сауаттылығын арттыруға ерекше көңіл бөлінуі керек деп ойлаймын. Мұндай жұмыстар тек білім беру ұйымдарында ғана емес, еңбек ұжымдарында, өндіріс орындарында, қоғамдық кеңістіктерде де жүргізілгені жөн. Өйткені бала тәрбиесі – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Біз «Әкелер одағы» аясында көптеген жобаларды жүзеге асырып келеміз. «Таза Қазақстан» акциясы кезінде мыңдаған әке балаларымен бірге ағаш отырғызып, тазалық жұмыстарына қатысты. Осындай қарапайым істердің өзі әке мен бала арасындағы байланысты нығайтып, қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастырады. Менің ойымша, қоғамдық бастамаларға белсенді қатысатын әкелерді ынталандыру тетіктерін де қарастырған дұрыс. Сонда өзгелерге де үлгі болатын оң үрдіс қалыптасады.

– «Әкелер одағының» қоғамдағы азаматтық жауапкершілік пен ұлттық құндылықтарды нығайтудағы рөлін қалай бағалайсыз?

– Бұл ұйымға келуімнің басты себебі – оның ұстанымдары мен өмірлік қағидаларымның үндесуі. Біз үшін құр сөзден гөрі нақты іс маңызды. Қазақта «Шеге тағаны сақтайды, таға тұлпарды сақтайды, тұлпар ерін сақтайды, ері елін сақтайды» деген өте терең мағыналы сөз бар. Көзге көрінбейтін кішкентай дүниенің өзі тұтас мемлекеттің тағдырына әсер етуі мүмкін. Отбасындағы әкенің рөлі де дәл сондай. Әкенің жауапкершілігі, баламен қарым-қатынасы, отбасындағы эмоционалдық ахуалды сақтауы – барлығы болашақ қоғамның сапасына әсер етеді. Сондықтан біздің негізгі қағидамыз – өнегелі әке қалыптастыру арқылы берік отбасы, ал берік отбасы арқылы қуатты қоғам құру.

Біз тек насихатпен шектелмейміз. Форумдар, экологиялық акциялар, қайырымдылық шаралары, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жобалар, осының барлығы қоғамдағы әкелік институтын нығайтуға бағытталған жұмыстар.

– Комиссия мүшесі әрі психолог ретінде саналы әке тәрбиесінің қоғам болашағына әсерін қалай сипаттар едіңіз?

– Тәжірибеде көбіне екі шеткі жағдай кездеседі. Бірі – балаға шамадан тыс қаталдық көрсету болса, екіншісі – оның өміріне мүлде араласпау. Өкінішке қарай, жасөспірімдер арасындағы көптеген құқық бұзушылықтар мен мінез-құлық мәселелерінің түпкі себептері осы жағдайлардан бастау алады.
Тәрбие дегеніміз – қорқыту немесе қаталдық емес. Нағыз тәрбие – баламен диалог құру, оның пікірін тыңдау және жеке шекарасын құрметтей отырып жауапкершілікке тәрбиелеу. Егер бала отбасында өзара сыйластықты көріп өссе, ол мектепте де, қоғамда да өзгеге құрметпен қарайды. Саналы әке тәрбиесі – құқықтық мәдениеті жоғары, жауапкершілігі мол қоғам қалыптастырудың басты алғышарты.

– Мектеп, қоғам және отбасы арасындағы байланысты күшейтуде әкенің орны қандай?

– Бұл үштік бір-бірінен бөлек жұмыс істей алмайды. Ал оның негізгі тірегі – отбасы. Бала адалдықты, еңбекқорлықты, заңға құрметті ең алдымен өз әкесінің бойынан көруі керек. Әке өзі әділ болса, балаға оның мәнін арнайы түсіндірудің өзі қажет болмай қалады.

Біз мемлекеттік органдармен бірлесіп көптеген жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Оның басты мақсаты – қоғамда жауапты әке мәдениетін қалыптастыру. Психологияда «Жаман бала жоқ, бала – өзі өскен ортаның айнасы» деген қағида бар. Сондықтан біз ең алдымен өзімізге қарап, қандай үлгі көрсетіп жүргенімізді саралауымыз қажет.

– Әкелер күнінің басты миссиясы қандай?

– Мен үшін бұл жай ғана мереке емес. Бұл – әрбір ер азаматтың өз-өзіне есеп беретін күні. Әр әке осы күні өзіне: «Мен қандай әкемін? Балам менен нені үйреніп жүр? Мен оған қандай үлгі көрсетіп жүрмін?» деген сұрақтарды қоюы керек деп ойлаймын.
Сондықтан мен Әкелер күнін әкеліктің өзіндік «Жаңа жылы» деп қабылдаймын. Өйткені дәл осындай сәтте адам өткеніне баға беріп, болашағына жоспар жасайды.
Әке болу – тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Ал сол жауапкершілікті жүрегімен сезінген ер азамат қана өз отбасына да, қоғамға да берік тірек бола алады.

– Сұхбатыңызға рақмет!