Kyzdar.net ұйымдастырушылары қалай ұсталғаны белгілі болды
Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Kyzdar.net интернет-ресурсының серверлік инфрақұрылымының ұйымдастырушылары мен түпкілікті бенефициарларын ұстады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Платформада интимдік қызмет көрсетуге арналған шамамен 9 мың анкета орналастырылған, олардың 500-ден астамы дәстүрлі емес сексуалдық бағдардағы адамдар мен трансвестит анкетасы болған. Мұндай қызмет жұқпалы аурудың таралу қаупін арттыратын фактордың бірі.
«Тергеу барысында күдіктілердің IT-компанияны негізін қалаушылар екені анықталды. Олар әзірлеген Kyzdar.net сайты негізгі жоба болып, кейіннен қызмет көрсету саласындағы басқа да заңды IT-өнімдерді әзірлеу кезінде енгізілген бағдарламалық шешімдерді жасау және сынақтан өткізу үшін технологиялық платформа ретінде пайдаланылған.
Компанияның дамуы Kyzdar.net сайтының заңсыз қызметінен түскен қаржы есебінен жүзеге асырылған. Есептеуге сәйкес, олардың көлемі айына 500 млн теңгеден асқан. Қаржылық операциялардың едәуір бөлігі қаражат қозғалысын бақылауды қиындату мақсатында криптовалютаны пайдалану арқылы жүргізілген», делінген хабарламада.
Тергеу барысында 144 млн теңге қолма-қол ақша, 1,3 млн доллар, оның ішінде криптовалюта түріндегі 300 мың доллар, қару-жарақ пен оқ-дәрі, шамамен 150 компьютер және өзге де техника, автокөліктер, құжаттар және қылмыстық іске қатысты басқа да дәлелдемелер тәркіленді.
Қазір барлық мән-жайды анықтауға, сыбайластарды әшкерелеуге, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған кірісті заңдастыру схемасын анықтауға бағытталған тергеу және жедел іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, кеше Бас прокуратура кеше Алматыда ақылы интим қызметті жарнамалайтын Kizdar.net интернет-ресурсын ұйымдастырушыларының қызметі тоқтатылғанын мәлім етті.