2025 жылы көлік саласында қандай маңызды жобалар жүзеге асырылды
2025 жылы еліміздің көлік саласында тұрақты өсім сақталып оң динамика көрсетуде. Мемлекет басшысының тапсырмалары мен саланы дамыту жоспарларына сәйкес транзиттік әлеуетті нығайтуға, логистикалық үдерістерді жетілдіруге және көлік қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Автомобиль жолдарын жөндеу және қайта жаңарту
Автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары рекордтық 13 мың шақырымды қамтыды. Қалбатау – Майқапшағай, Ұзынағаш – Отар және Қызылорда – Жезқазған (Қызылорда облысы аумағындағы учаске) бағыттарындағы негізгі жобалар толық аяқталды. Сонымен қатар, Жезқазған – Петропавл және Қарағанды – Қарқаралы республикалық маңыздағы автомобиль жолдарында орташа жөндеу жүргізілді.
Қазіргі уақытта Қызылорда – Жезқазған автомобиль жолын қайта жаңғырту (Ұлытау облысы аумағындағы учаске), Ертіс өзені арқылы көпір салу және басқа да ірі жобалар жүзеге асырылуда. Алдағы жылы Мемлекет басшысының бастамасына сәйкес республикалық маңызы бар 10 мың шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу жалғасын табады.
Теміржол инфрақұрылымын дамыту жобалары
Ұзындығы 836 шақырымды құрайтын Достық – Мойынты теміржол желісінің құрылысы аяқталып, Қазақстан – Қытай бағытының өткізу қабілеті 5 есеге артты. Бұл халықаралық көлік дәліздері арқылы транзиттік жүк тасымалдарының өсуіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ ұзындығы 75 шақырымды құрайтын Алматы қаласының айналма теміржол желісі жобасы аяқталуға жақын, бұл транзиттік ағынды қайта бөлуге және қаладағы экологиялық әрі көлік жағдайын жақсартуға ықпал етеді.
323 шақырымдық Мойынты – Қызылжар жаңа теміржол желісінің құрылысы басталды, сондай-ақ ұзындығы 157 шақырым Дарбаза – Мақтаарал және 297 шақырымды құрайтын Аягөз – Бақты жобалары жүзеге асырылуда.
Вокзал инфрақұрылымы
Вокзал кешендерін ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ел аумағындағы 124 вокзалдың 46-сында құрылыс-монтаж жұмыстары биыл аяқталады.
Су көлігі және логистика
Ақтау портындағы контейнерлік хабтың құрылысы толық аяқталып, жүк өңдеу үдерістері жеделдетіліп, қазақстандық логистиканың халықаралық бағыттардағы бәсекеге қабілеттілігі артты.
Авиация және әуежай инфрақұрылымы
Авиация саласында Қазақстан авиациялық қауіпсіздік бойынша ИКАО стандарттарына сәйкестіктің 95,7 пайызына қол жеткізді. Бұл ТМД және Еуразия өңіріндегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады.
Ақтау әуежайында ұшу-қону жолағына, рульдеу жолдарына және перронның бір бөлігіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, Зайсан, Катонқарағай және Кендірлі курорттық аймақтарында жаңа әуежайлар салынуда, ал Павлодар, Балқаш және Арқалық әуежайларында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл әуе қатынасының өткізу қабілетін арттырып, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Аталған жобалардың барлығы көлік инфрақұрылымын жүйелі дамытуға, елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға және логистика саласын одан әрі жетілдіруге бағытталған.