Жеңіс Қасымбек: Елордада бірқатар сумен жабдықтау нысаны салынып жатыр

Жеңіс Қасымбек: Елордада бірқатар сумен жабдықтау нысаны салынып жатыр
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желідегі парақшасында қаланы сумен жабдықтау мәселесіне толығырақ тоқталып өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Әкімнің айтуынша, қаланы дамыту барысында инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінеді. Қазір жылумен, электрмен жабдықтау, кәріз, нөсер суын ағызу және сумен жабдықтау нысандарын салып, жаңғыртылып жатыр.

«Қаланың сумен жабдықтау мәселесіне толығырақ тоқталып өтейін.
Мәселен, 2024 жылы су тұтыну көлемі тәулігіне 340 мың текше метр болса, биыл бұл көрсеткіш 380 мың текше метрге жетті. Оның қуатын арттыру үшін бірқатар нысан салып, жаңғыртып жатырмыз.

Осыған дейін үшінші сорғы-сүзгі станциясын (ССС-3) салып, пайдалануға бердік. Жобаның қуаты – тәулігіне 105 мың текше метр. Келесі жылы ССС-3 станциясын кеңейту жобасына кірісуді жоспарлап отырмыз, бұл тәулігіне қосымша 70 мың текше метр су береді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Әкімнің айтуынша, маңызды жобалардың бірі – Телман сорғы станциясынан техникалық су құбырын тарту. Жоспарланған 13,2 шақырым желінің 10,5 шақырымы төселді. Бұл су құбыры су дайындау станцияларына тәулігіне 50 мың текше метр бастапқы су жеткізеді.

Бұдан бөлек, Қ. Сәтбаев атындағы арнадан су жеткізетін құбыр тарту арқылы төртінші сорғы-сүзгі станциясын (ССС-4) салу жобасын іске асырып жатырмыз. Жобаның қуаты тәулігіне 210 мың текше метр болады.

«Алдағы жылдары сумен жабдықтаудың магистральдық желілерін салу бойынша жалпы саны 20-ға жуық жобаны іске асыру қажет. Бұл жобалар елорданың ары қарай дамуы мен су тұтыну көлемінің өсетінін ескере отырып, қаланы сенімді әрі үздіксіз сумен қамтамасыз етеді», - деді ол.