Қаржылық мониторинг агенттігі шетелдік интернет-казинолардың заңсыз қызметіне жәрдемдесу дерегі бойынша тергеуді аяқтады. Төлем терминалдары арқылы жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгеге жеткен. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚМА баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер өздерінің бақылауындағы үш компанияның төлем жүйесін пайдаланып, шетелдік интернет-казинолардың пайдасына ақша аударуды ұйымдастырған. Бұл жүйеге түрлі банкте орнатылған жүздеген төлем терминалы кірген.
Олардың қатарында Nomadgames, Sultangames, Pinco, Pin-UP, Vavada, Mostbet және 1WIN интернет-казинолары бар.
Жүргізілген операциялардың жалпы көлемі 191 млрд теңгені құраса, есептелген комиссиялық сыйақы 286 млн теңгеге жеткен.
Агенттік мәліметінше, ақша аударымдарының нақты мақсатын жасыру үшін заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің деректемелері пайдаланылған. Олардың кейбірі өз деректерінің мұндай мақсатта қолданылғанынан хабарсыз болған.
Аталған тұлғалардың атына интернет арқылы төлем қабылдайтын терминалдар тіркелген. Ал жалған келісімшарттар мен арнайы құрылған сайттар арқылы қаражат тауарлар мен қызметтер үшін төленгендей көрсетілген.
Осылайша, ақша шетелдік тараптарға, оның ішінде криптовалюта арқылы аударылған.
Қылмыстық істі ұйымдастырды деген күдікке ілінген адам қамауға алынды. Сот санкциясымен төрт автокөлік пен 103 млн теңге қолма-қол ақшаға тыйым салынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Бұған дейін Шымкентте 3,1 млрд теңге айналымы бар онлайн-казиноны ұйымдастырушылардың сотталғаны хабарланған еді.