Header Banner

Бибігүл Өмірбаева: Президент Жолдауында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайтуға қатысты бірқатар міндеттер айқындалды

9 қараша, 2026
Ернұр Сағымбек Ернұр Сағымбек
Бибігүл Өмірбаева: Президент Жолдауында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті нығайтуға қатысты бірқатар міндеттер айқындалды
Фото: ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) нығайтуға қатысты бірқатар міндетті айқындады. Атап айтқанда, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейту, алғашқы медициналық көмекке бөлінетін қаржыландыру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту және учаскелік қызмет мамандарының еңбекақысын арттыру мәселелері көтерілді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үздіксіз еңбек өтіліне байланысты жалақыны 40 пайызға дейін өсіру тапсырылды. Бұл шара 77 мыңнан астам медицина қызметкерінің табысын арттыруға мүмкіндік береді. МСАК жүйесін дамытуда инфрақұрылыммен қатар медицина мамандарын қолдаудың маңызы зор. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің басшысы Бибігүл Өмірбаева айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Бибігүл Өмірбаеваның айтуынша, Медициналық көмектің қолжетімділігі емханалар мен медициналық пункттердің санымен ғана өлшенбейді. Бұл ретте пациенттерді тұрақты бақылап, емдеу тәсілдерін уақтылы түзете алатын білікті мамандардың болуы да маңызды. Әсіресе жүйелі тексеруді және медициналық көмектің сабақтастығын қажет ететін созылмалы аурулары бар адамдар үшін учаскелік қызметтің орны ерекше.

«Соңғы бес жылда Қазақстанда мыңнан астам жаңа медициналық мекеме ашылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша дәрігер кадрларының тапшылығы 2023 жылмен салыстырғанда 20,4 пайызға, ал ауылдық жерлерде 28,3 пайызға қысқарды. Соған қарамастан, жалпы практика дәрігерлері, терапевтер мен педиатрлар әлі де сұранысқа ие мамандар қатарында қалып отыр. Бұл инфрақұрылымды дамытумен қатар, медицина қызметкерлерін жұмыс орындарында тұрақтандыруға бағытталған шараларды да жүзеге асыру қажеттігін көрсетеді», - деді сарапшы.

Оның пікірінше, алғашқы медициналық-санитариялық көмек буынында учаскелік медициналық команданың тұрақтылығы айрықша маңызды. Пациентті ұзақ уақыт бақылаған дәрігер оның ауру тарихын, емдеу ерекшеліктері мен қауіп факторларын жақсы біледі. Ал мамандардың жиі ауысуы медициналық бақылаудың жүйелілігіне кері әсер етіп, халықтың медициналық қызметке деген сенімін төмендетуі мүмкін. Сондықтан үздіксіз еңбек өтілін ескере отырып, еңбекақыны арттыруды тек әлеуметтік қолдау шарасы ретінде қарастырмаған жөн. Бұл – білікті кадрларды жүйеде сақтап қалуға бағытталған маңызды тетік. Медицина қызметкерінің еңбек жағдайы мен кәсіби тұрақтылығы пациентке көрсетілетін көмектің сапасына да әсер етеді.

Жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейту де тиісті жағдай жасаумен қатар жүруі керек. Қосымша функциялар беру мамандардың кәсіби даярлығын, жауапкершілік аясын нақты бөлуді және әкімшілік жүктемені азайтуды талап етеді.

«Дәрігердің диагностика жүргізуге, аурулардың алдын алуға және пациенттермен тікелей жұмыс істеуге жеткілікті уақыты болуы маңызды. Өкілеттіктерді кеңейту тек қосымша міндеттер жүктеумен шектелмеуі тиіс. Ол маманның кәсіби мүмкіндіктерін арттырып, медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталуы қажет», - деді ол

Осы тұрғыда «Медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі және олардың қызметіне берілетін кепілдіктер туралы» заң жобасын әзірлеу де маңызды. Сарапшының пікірінше, бұл бастама медицина мамандарының құқықтық және әлеуметтік қорғалуын күшейтуге, мамандықтың беделін арттыруға және тұрақты еңбек жағдайларын қалыптастыруға бағытталған.

«Жүргізіліп жатқан өзгерістердің тиімділігін айқындайтын басты көрсеткіш халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігі болуы тиіс. Нәтижені жаңа медициналық нысандардың санымен немесе кадр тапшылығының қысқаруымен ғана бағалау жеткіліксіз. Дәрігер қабылдауын күту мерзімі, медициналық тексерулердің уақтылы жүргізілуі және пациенттерді бақылау сапасы да ескерілуі керек.

Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту мен медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесін нығайту ортақ міндетті шешуге бағытталған. Лайықты еңбекақы, нақты айқындалған өкілеттіктер және тұрақты еңбек жағдайлары білікті мамандарды сақтап қалуға, сол арқылы халықты уақтылы әрі сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондықтан медицина қызметкерлерін қолдау денсаулық сақтау жүйесінің алғашқы буынын дамытудың негізгі шарттарының бірі болып қала беруі тиіс», - деп атап өтті Бибігүл Өмірбаева.