Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Сатыбалды Дәулеталин Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиында халықтың табысын арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚРКФ Кәсіподақтық баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты Жолдауында айтылған басымдықтарға ерекше назар аударылды.
Сатыбалды Дәулеталин Шымкенттің экономикалық дамуы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартумен қатар жүруі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, халық санының өсуі, жаңа тұрғын үй алаптарының кеңеюі мен кәсіпорындардың ашылуы жолдарға, инженерлік желілерге, мектептер мен медициналық мекемелерге түсетін жүктемені арттырады.
«Экономикалық өсім адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар жүруі тиіс. Жаңа тұрғын үй алаптары қажетті инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілуі керек. Тұрғын үй құрылысы мектептер, ауруханалар, жолдар мен коммуналдық желілердің дамуынан озып кетпеуі тиіс», – деді ол.
Кездесуде қаланың экономикалық көрсеткіштері де сөз болды. 2026 жылдың тоғыз айында Шымкенттегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 трлн 280,5 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,9%-ға өскен. Инвестиция көлемі 580,7 млрд теңгеге жетіп, құрылыс жұмыстары 25,4%-ға артқан. Осы кезеңде 853 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген.
ҚРКФ төрағасы инвестиция тартумен қатар, кадр даярлау мен жастарды жұмыспен қамтуға да басымдық беру қажеттігін айтты.
«Кәсіби білім беруді дамытып, колледждер мен кәсіпорындардың өзара байланысын күшейту, жастардың жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай жасау – басты міндет. Бұл ретте жаңа жұмыс орындары лайықты жалақымен, ресми түрде жұмысқа орналасу және қауіпсіз еңбек жағдайларымен қамтамасыз етілуі тиіс», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Жиында шағын және орта бизнесті қолдау мәселелері де қаралды. Президент Жолдауында 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнеске тексеру жүргізуге жаңа үш жылдық мораторий енгізу ұсынылған болатын. Сондай-ақ орта бизнесті дамытудың кешенді жоспарын әзірлеу, кәсіпкерлердің ұзақ мерзімді қаржыландыру мен мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігін кеңейту көзделген.
2026 жылғы 1 қазандағы мәлімет бойынша Шымкентте 133,5 мың шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға 14,5 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар кездесуде Қаратау ауданындағы тұрғын үй алаптары мен коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, Президенттің «Халықтық құрылыс» бастамасын жүзеге асыру мәселелері көтерілді.
«Құрылыс жұмыстары тұрғындардың шынайы қажеттіліктерін ескере отырып жүргізілуі маңызды. Даму жоспарлары ашық болуы тиіс. Адамдар қандай нысандардың қашан салынатынын нақты білуі керек. Мемлекеттік инвестициялар халыққа пайда әкелуі тиіс», – деді ҚРКФ төрағасы.
Бұдан бөлек, денсаулық сақтау мен білім беру салаларын жаңғырту, әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік әлеуметтік көмекті арттыру бағыттары талқыланды.
Кездесу соңында Сатыбалды Дәулеталин тұрғындармен ашық диалог жүргізудің маңызын атап өтіп, Кәсіподақтар федерациясы еңбек адамдарының мүддесін қорғауды жалғастыратынын жеткізді. Сондай-ақ қоғамдық маңызы бар бастамаларды ілгерілетуде Қазақстан Халық Кеңесінің мүмкіндіктерін пайдалану қажеттігіне тоқталды.