Header Banner

Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің басшыларына Қазақстанның ЖИ және цифрландыру жетістіктері таныстырылды

Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің басшыларына Қазақстанның ЖИ және цифрландыру жетістіктері таныстырылды
Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

AI Journey 2026 халықаралық конференциясы аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин екі елдің жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы жетістіктеріне арналған көрмемен танысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Қазақстан экспозициясы алты негізгі бағыт бойынша ұсынылды: «Технологиялық ұлт», Startup City, GovTech, Aitu, көлік саласындағы жасанды интеллект және FinTech. Таныстырылым барысында елдегі цифрлық трансформацияның негізгі нәтижелері, адами капиталды дамыту, отандық технологиялық экожүйені қалыптастыру және жасанды интеллектіні экономиканың түрлі салаларына енгізу бағытындағы жұмыстар көрсетілді.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мемлекет басшыларына технологиялық кәсіпкерлікті дамыту, стартаптарды қолдау және ұлттық ЖИ экожүйесін қалыптастыру бағытындағы Қазақстанның негізгі жетістіктерін таныстырды.

Цифрлық мемлекет үшін адами капиталды дамыту

Экспозицияның негізгі бағыттарының бірі жасанды интеллект саласындағы білім беруді дамытуға арналды. Мұнда мектептегі білім беруден бастап мемлекеттік қызметшілер мен бизнес мамандарын қайта даярлауға дейінгі жасанды интеллект саласының мамандарын даярлаудың жүйелі тәсілі таныстырылды.

Бұл жұмыстың негізінде жасанды интеллект саласындағы білім беру бастамаларын біріктіретін AI-Sana ұлттық бағдарламасы жатыр. Сонымен қатар ALFA платформасының, TUMO Astana, Tomorrow School білім беру жобаларының және Орталық Азиядағы алғашқы ЖИ университеті QAIRU-дың мүмкіндіктері көрсетілді.

Сондай-ақ Yandex Qazaqstan компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан ML School Kazakhstan бағдарламасын қоса алғанда, халықаралық білім беру бастамалары таныстырылды.

Бұл жобаларды дамыту цифрлық экономикаға көшу және Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы позициясын нығайту үшін қажетті білікті мамандар әлеуетін қалыптастыруға бағытталған.

Стартаптар және инновациялық экожүйе

Startup City бағыты аясында адами капиталды дамыту, стартаптарды қолдау және халықаралық мамандарды тарту бағыттарын біріктіретін қазақстандық технологиялық экожүйе таныстырылды.

Атап айтқанда, Қазақстанда Yandex Qazaqstan компаниясымен бірлесіп машиналық оқыту саласының мамандарын даярлауға арналған ML School Kazakhstan бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Қазақстанның технологиялық экожүйесінің тағы бір маңызды бөлігі – талантты мамандардың, стартаптардың, ғылыми орталықтар мен корпорациялардың өзара іс-қимылына жағдай жасайтын alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы.

GovTech: цифрлық мемлекет

Қазақстан БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту рейтингінде 194 елдің ішінде 16-орынға ие. Ал Дүниежүзілік банк елімізді ең жоғары «А» тобына жатқызады.

Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин мемлекет басшыларына Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесінің негізін құрайтын цифрлық шешімдерді, оның ішінде QazTech ұлттық платформасы мен eGov GPT жасанды интеллект көмекшісін таныстырды.

Негізгі шешімдердің қатарында жасанды интеллект құралдары біріктірілген Aitu GovWorkspace цифрлық жұмыс орны және мемлекеттік қызметтерді диалог форматында алуға мүмкіндік беретін eGov GPT жүйесі де таныстырылды. Қазіргі уақытта оның көмегімен 55 қызмет қолжетімді.

Сондай-ақ азаматтар мен бизнеске арналған сервистер таныстырылды. Бүгінде eGov Mobile мобильді қосымшасын 15 миллион адам пайдаланады, ал мемлекеттік қызметтердің 90%-ы онлайн қолжетімді. eGov Business қосымшасында кәсіпкерлер мемлекеттік қызметтерді алып, құжаттарға QR-код арқылы қол қоя алады.

Aitu: ұлттық цифрлық экожүйе

Жеке стенд отандық Aitu платформасына арналды. Ол коммуникациялық құралдарды, мемлекеттік және бизнес сервистерді, сондай-ақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін біріктіреді.

Қазіргі уақытта платформада 7 миллионнан астам тіркелген аккаунт бар. Оның мүмкіндіктері қатарында ЖИ-көмекшілер, хабарламаларды қазақ тілінен орыс тіліне автоматты аудару, ақша аударымдары, төлемдер және заңды күші бар құжаттарға қол қою қызметтері бар.

Aitu платформасын дамыту азаматтардың, бизнестің және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ыңғайлы әрі қауіпсіз етуге мүмкіндік беретін ұлттық цифрлық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.

FinTech: қаржылық қауіпсіздікке арналған жасанды интеллект

FinTech бағыты бойынша ақша-кредит саясаты саласындағы шешімдерді қабылдауға аналитикалық қолдау көрсетуге арналған IRIS жасанды интеллект көмекшісі таныстырылды.

Сонымен қатар қаржылық алаяқтықты анықтау және оның алдын алу үшін жасанды интеллект технологияларын пайдаланатын Ұлттық антифрод-орталықтың мүмкіндіктері көрсетілді.

Ұлттық банктің мәліметінше, қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда алғаш рет интернет-алаяқтық деңгейі 26,2%-ға төмендеген.

Сонымен қатар көлік саласындағы жасанды интеллект бағыты аясында көлік саласын цифрлық трансформациялауға арналған жоба таныстырылды.

Технологиялардың болашағы туралы диалог

Конференция аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің жастармен кездесуі де өтті. Оған мектеп оқушылары мен студенттер, соның ішінде жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жас қатысушыларды өз жетістіктерін халықаралық алаңда таныстыру мүмкіндігімен құттықтап, мұндай іс-шаралардың өскелең ұрпақтың әлеуетін ашудағы маңызын атап өтті.

Интерактивті форматта қатысушылар жасанды интеллектіні ғылымда, білім беруде, медицинада, экономикада және өнерде қолдану мәселелерін талқылап, мемлекет басшыларына өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.