Мәдениет және ақпарат министрлігі Қазақстанның халық ақыны, «Құрмет» және «Барыс» ордендерінің иегері Әсия Беркенованың дүниеден озуына байланысты отбасы мен туған-туыстарына, жақындары мен шәкірттеріне қайғырып көңіл айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Әсия Әйіпқызы қазақ айтысы қайта түлеген жылдары осы өнердің бел ортасында жүрді. Тобыл өңірінде айтыс дәстүрінің жандануына елеулі еңбек сіңіріп, суырыпсалма дарынымен, ұшқыр ойы және уәлі сөзімен ел ықыласына бөленді. Өнер жолында талай шәкірттің талабын ұштады.
1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына арналған республикалық айтыстағы жеңісі Әсия Әйіпқызын қалың жұртқа танытты. Кейін де республикалық және халықаралық жыр додаларында топ жарып, қазақтың сөз өнерін биікке көтерді. Ұзақ жыл ұстаздық еткен ақынның бойындағы өнер мен өнеге шәкірттерінің шығармашылығынан да жалғасын тапты.
«Әсия Беркенованың жарқын бейнесі, ғибратты ғұмыры мен ұлт руханиятына сіңірген елеулі еңбегі туған халқының жадында мәңгі сақталады.
Марқұмның жаны жәннаттан жай тауып, иманы саламат, жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!» - делінген хабарламада.