Header Banner

Бақдәулет Жанділдаев: Қоғамдық кеңес – жастар бастамаларын жүзеге асыратын алаң

Бақдәулет Жанділдаев: Қоғамдық кеңес – жастар бастамаларын жүзеге асыратын алаң
Фото: Бақдәулет Жанділдаевтің жеке мұрағатынан

Қоғамдық кеңес – халық пен билік арасындағы алтын көпір. Ал оның құрамындағы жастар – қоғамның ең серпінді, жаңашыл әрі болашаққа бағдарланған қозғаушы күші. Жастардың қоғамдық кеңестердегі рөлі, елорда жастарының мүддесін қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен олардың азаматтық белсенділігі туралы Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бақдәулет Жанділдаев пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Оның айтуынша, қоғамдық кеңес құрамындағы жастар тек бақылаушы емес, шешім қабылдау үдерісінің толыққанды қатысушысы және жаңа идеялардың бастамашысы болуы керек.

«Қоғамдық кеңестегі жастардың негізгі міндеті – өз замандастарының үні болу. Яғни жастардың өзекті мәселесін, сұранысы мен ұсынысын билік органдарына тікелей жеткізуі маңызды. Сонымен қатар олар мемлекеттік бағдарламалардың, жергілікті бюджеттің және нормативтік-құқықтық актілердің жастар саясатына қаншалықты сәйкес келетінін бағалауға қатысуы қажет.

Жастардың тағы бір ерекшелігі – олардың креативті көзқарасы мен заманауи технологияларды меңгеруі. Сондықтан қоғамдық басқару ісіне тың жобалар мен жаңа шешімдерді енгізуге бастамашы болуы керек. Бұған қоса, өзге жастарды қоғамдық өмірге, волонтерлік қызметке және қаланы дамыту жұмысына тарту да – олардың маңызды міндетінің бірі», – деді Бақдәулет Жанділдаев.

Ол Астана қаласында жастардың мүддесін қорғау бағытында бірнеше маңызды мәселе бар екенін атап өтті. Соның ішінде баспана, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік, білім беру және бұқаралық спорт мәселелері ерекше орын алады.

«Елорда жастары үшін ең өзекті мәселенің бірі – баспанамен қамтамасыз ету. Астанаға білім алу және жұмыс істеу үшін келетін жастардың баспанаға деген сұранысы жоғары. Осы бағытта жұмыс істейтін жастарға арналған жалдамалы тұрғын үй бағдарламаларының әділ бөлінуін бақылау, «Елорда жастары» секілді жеңілдетілген несиелеу бағдарламаларының шарттарын жетілдіру мәселелері маңызды.

Екінші бағыт – жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті қолдау. Жоғары оқу орындары мен колледж түлектерін жұмысқа орналастыру, жастар тәжірибесі бағдарламаларының тиімділігін арттыру мәселелері тұрақты назарда болуы керек. Сонымен қатар жас кәсіпкерлерге арналған гранттар мен стартап жобаларды қолдау тетіктерін дамыту қажет. Оқымайтын және жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіру, оларды еңбекке және қоғамдық өмірге тарту да маңызды», – деді ол.

Бақдәулет Жанділдаев жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелеріне де тоқталды.

«Бұқаралық спортты дамыту – жастар саясатының маңызды бағыттарының бірі. Ол үшін аула клубтарының желісін кеңейтіп, спорт нысандарының жастарға қолжетімділігін арттыру қажет. Тегін спорт секцияларын көбейту де маңызды. Сонымен бірге жастар арасында есірткіге тәуелділік пен лудоманияның алдын алу шарасын күшейту керек.

Білім беру саласында студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Қоғамдық бақылау аясында студенттердің тұрмыс жағдайына, оқу орындарындағы білім сапасына және олардың құқықтарының сақталуына да назар аудару қажет», – деді Қоғамдық кеңес мүшесі.

Сондай-ақ спикер қоғамдық кеңестер құрамындағы жастардың үлесі мен белсенділігіне тоқталды. Оның пікірінше, жастардың қоғамдық-саяси үдерістерге араласуы тек кеңес отырыстарына қатысумен шектелмеуі керек.

«Соңғы жылдары қоғамдық кеңестердегі жастардың белсенділігі артып келеді. Олардың қатарында жас көшбасшылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен жас кәсіпкерлер бар. Бұл – әртүрлі салада тәжірибесі бар жастардың ортақ мәселелерді талқылауына мүмкіндік береді.

Қазір жастар қоғамдық жұмысты жаңа форматта ұйымдастыруға да мүдделі. Мысалы, кездесулер мен талқылауларды ресми кабинетпен шектемей, университеттерде, жастар ресурстық орталықтарында және коворкинг алаңдарында өткізуге болады. Әлеуметтік желілер арқылы қала тұрғындарымен кері байланыс орнату да маңызды. Мұндай тәсілдер жастардың ұсынысын жинауға және өзекті мәселелерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Ең бастысы, жастар тек мәселе көтеріп қана қоймай, оның шешілуіне де атсалысуы керек. Олар қалалық басқармалармен бірлесіп жол карталарын әзірлеуге, қалалық бюджетті талқылауға және әлеуметтік жобалардың орындалуын бақылауға қатыса алады. Бұл – жастардың қала өміріне деген жауапкершілігін арттыратын маңызды жұмыс», – деп түйіндеді Бақдәулет Жанділдаев.