Әбу Даби қаласындағы «Umm Al Emarat» саябағында өткен VIII Ұлттық толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру фестивалі аясында қазақ халқының бай мәдени мұрасы, дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық өнері таныстырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Біріккен Араб Әмірліктерінің Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігі ұйымдастырған фестиваль – түрлі халық мәдениеті мен дәстүрін тоғыстырып, рухани құндылықтарын насихаттайтын маңызды алаң.
«Бірлікте өркендеу» ұранымен өткен биылғы фестивальде сөз сөйлеген БАӘ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрі шейх Наһаян бен Мубарак Әл Наһаян мәдени әралуандықты құрметтеу мен ортақ құндылықтар төңірегінде топтасудың маңызын атап өтті.
«Алтын орда» авторлық дизайн үйімен, «Шаңырақ» қазақ мәдени орталығымен бірлесіп ұйымдастырылған Қазақстанның ұлттық павильонында келгендерге ұлтымыздың мәдениеті мен әдет-ғұрпы дәріптеліп, халқымыздың ғасырлық мұрасы, дәстүрлі тұрмысы және ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тапқан рухани құндылықтары кеңінен паш етілді. Сондай-ақ, фестиваль аясында қазақтың дәстүрлі әндері шырқалып, күйлері орындалды.
Еске салсақ, АҚШ-тағы American Film Market кинонарығында қазақстандық киножобалар таныстырылды.





