Header Banner

Аян Өтепберген Испаниядағы халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды

Бүгін, 09:11
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Аян Өтепберген Испаниядағы халықаралық кинофестивальде үздік актер атанды
Фото: instagram.com/otepbergen_ayan

Қазақстандық театр және кино актері, Астана қаласындағы Музыкалық жас көрермен театрының әртісі Аян Өтепберген Испанияның Тенерифе аралында өткен X Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалінде «Үздік актер» аталымының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.

Актер Джек Тейлор атындағы жүлдені Sicko фильміндегі рөлі үшін иеленді. Фестивальдің қазылар алқасы оның актерлік шеберлігін жоғары бағалап, кейіпкер бейнесін әсерлі сомдағанын, драма мен юморды ұтымды ұштастыра білгенін атап өтті.

Фестиваль қорытындысында Sicko фильмі «Үздік толықметражды фильм», «Үздік актер» және «Үздік костюмдер» аталымдары бойынша үш жүлдеге ие болды.

Isla Calavera халықаралық фантастикалық кинофестивалі жыл сайын Канар аралдарында өтеді. Биыл оныншы рет ұйымдастырылған мерейтойлық фестиваль 6-15 қараша аралығында өтті.

Аян Өтепбергеннің жеңісі – отандық кино өнерінің елеулі жетістігі әрі қазақстандық әртістердің халықаралық деңгейде танылып келе жатқанының тағы бір айғағы.