Қоғамдық бірлестік өкілдері энергетикалық сусындарды өндіруге, сатуға толық тыйым салуды ұсынды. Республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, Астана қалалық филиалының төрағасы Бекдайыр Күзембай үндеуде осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Әке ретінде де, азамат ретінде де ұрпағымыздың саулығына бейжай қарай алмаймын. Әр баланың аман өсіп, әр отбасының жақындарының қызығын көріп отырғанын қалаймын.
Сондықтан біз, «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге, коммерциялық мақсатта әкелуге және сатуға толық тыйым салуды ұсынамыз.
Біздің ұстанымымыз айқын: халықтың денсаулығы — бәрінен қымбат. Оны қорғау үшін бүгін нақты қадам жасауымыз керек», - деді Бекдайыр Күзембай.
Ол көпшілікті үндеуге қолдау білдіріп, петицияға қол қоюға шақырды.
«Үкіметтен энергетикалық сусындардың саудасына, соның ішінде интернет пен жеткізу қызметтері арқылы сатылуына және жарнамасына тыйым салатын заң жобасын әзірлеуді сұраймыз.
Ағайын, бұл бастамаға әрқайсыңыздың қолдауыңыз қажет!», - деді Бекдайыр Күзембай.
Еске салсақ, Қазақстанда түйе сүтіне арналған стандарт әзірленді.