Елордадағы веложолақ желісі болашақта 750 шақырымға жетеді

Елордадағы веложолақ желісі болашақта 750 шақырымға жетеді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астана заманауи қалалық мобильділіктің бір бөлігі ретінде велоқозғалысты жүйелі түрде дамытып келеді, деп хабарлайды Elordainfo.kz қаланың урбанистика орталығына сілтеме жасап.

Орталықтың мәліметінше, қалада жаңа веложолақтар абаттандыру көшелерді қайта жаңғырту жобаларының құрамында жүйелі негізде іске асып жатыр. Бұл тәсіл аудандарды, саябақтарды және қаланың негізгі бағыттарын өзара байланыстыратын тұтас желіні қалыптастыруға мүмкіндік береді.

2024 жылы қалада 108,8 шақырым веложолақ тіркелді. 2025 жылы велоинфрақұрылымның жалпы ұзындығы 152,75 шақырымға жетті. Қала құрылысын жоспарлауда алдағы мақсатты көрсеткіш ретінде 2035 жылға қарай веложолақ ұзындығы 755,8 шақырым болады деп белгіленген.

Бұл жерде мақсаты – жай ғана «шақырым қосу» емес, үздіксіз және түсінікті веложеліні қалыптастыру. Мұнда ең маңыздысы – көше қиылысындағы қауіпсіздік, маршруттар оңтайлы болуы қисыны және аудандар арасын байланыстыру.

«Бұл веложелінің айтарлықтай күшейіп келе жатқанын білдіреді – жаңа байланыстар пайда болып, бағыттар ұзартылып жатыр. Велосипед қала ішінде қысқа қашыққа қатынаудың ыңғайлы нұсқасына айналып келеді», делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Астанадағы LRT көктемде іске қосылатыны хабарланды.