Елордадағы Charity Samruk Marathon жүгірісіне 3 мың адам қатысты

Елордадағы Charity Samruk Marathon жүгірісіне 3 мың адам қатысты
Фото: Қанат Байұзақов

Астанадағы Ботаникалық саябақта Charity Samruk Marathon - «Самұрық-Қазына» қорының бастамасымен ұйымдастырылған ауқымды қайырымдылық шарасы өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz тілшісі.

Биылғы марафонға қатысушылар саны жөнінен рекорд орнатып, инклюзивті білім беруге әуесқой және кәсіби желаяқтар өз қолдауын көрсетті.  

«Бүгінгі қайырымдылық мақсаттағы жүгірісімізге 3 000 қатысушы тіркеліп, 250 млн теңге қаражат жиналды. Бұл қаржыны Ақтөбе облысында ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 10 инклюзивті кабинет ашуға жұмсаймыз. Бұған дейін біз республика көлемінде 15 инклюзивті кабинет ашқан болатынбыз. Алда жоспарларымыз көп», - деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Инклюзивті кабинетте логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмыс істейді. Сондай-ақ шеберханалар мен ЛФК залдары бар. Олар балалардың толыққанды дамуы мен білім алуы үшін, барлық қажетті құралдармен жабдықталған.

«2021 жылдан бері жүгіруді қолға алып келемін. Бүгін 88-марафоныма қатысқалы жатырмын. Charity Samruk Marathon-ның басты ерекшелігі - жүгіріс арқылы салауатты өмір салтын ұстанып қана қоймай, қайырымдылыққа үлес қоса алатынымда. 1 мамыр күні ғана қалалық жүгіріске қатысқанмын. Сондықтан бүгін 5 шақырым қашықтықта бағымды сынаймын», - деп қатысушы Елеусіз Пардабай өз ойын айтты.

Биыл марафон бағдарламасы кеңейтіліп, қатысудың төрт түрін қамтыды: 2,5 км, 5 км және 10 км қашықтыққа жүгіру, сондай-ақ 2,5 км скандинавиялық жүріс. Жеңімпаздар медальдар мен естелік сыйлықтармен марапатталды.

Марафонға қатысушылар мен қонақтар үшін тақырыптық аймақтар, шеберлік сабақтары және балаларға арналған түрлі белсенділік шаралары ұйымдастырылды.

Бүгінде «Самұрық-Қазына» компаниялар тобының қолдауымен Астана қаласында, Ақмола және Атырау облыстарында 31 инклюзия кабинеті жұмыс істейді. Онда ерекше қажеттілігі бар 2 мыңнан астам бала білім алып жатыр.