Елордада із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге дрондар пайдаланылады
Елордада жоғалған азаматтардың жүрген жерін анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде дрон айтарлықтай көмек көрсетіп жүр, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дрондар су айдындарында, қамыс қалың өскен аумақтарда, орманда, батпақты жерлерде, сондай-ақ қалалық бейнебақылау жүйесі қамтылмаған аумақтарда пайдаланылады. Әуеден шолу жасау арқылы полиция қызметкерлері кең аумақты жедел қарап шығып, іздеу бағытын жылдам анықтай алады.
«Жыл басынан бері елордада адамның із-түзсіз жоғалуына қатысты 3 мыңнан астам өтініш тіркелген. Олардың қатарында кәмелетке толмағандар, ересектер де, оның ішінде егде жастағы азаматтар да бар. Сондай-ақ балық аулауға немесе серуендеуге шығып, түрлі себеппен байланысқа шықпай қалған азаматтарға қатысты жағдайлар да жиі кездеседі.
Осындай кезде дрондарды пайдалану іздестіру жұмысын едәуір жеделдетуге, аумақты тексеруге кететін уақытты қысқартуға және жетуі қиын жерлердегі іздеу жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бірқатар жағдайда әуеден жүргізілетін мониторинг із-түзсіз жоғалған адамдарды табуға немесе олардың болған аумақты нақтылауға септігін тигізеді», делінген хабарламада.
Заманауи технологияларды қолданумен қатар, іздестіру жұмысына полиция қызметкерлері мен иісшіл иттер де тартылады. Жедел қызметте техникалық құралды енгізу іздестіру жұмысының нәтижелілігін арттырып, азаматтардың өтінішіне жедел ден қоюға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Астанада топырақты заңсыз қазып алғандар дронның көмегімен анықталды.