Елордада Ақбұлақ өзенін тазарту жұмысы жүріп жатыр
Ақбұлақ өзенін кешенді биологиялық тазарту жобасы аясында су айдынының экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұл жобаны Астана қаласының Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы, «Арғын Строй 2015» ЖШС және «Astana Bioscience Business Centre» ЖШС бірлесіп жүзеге асырды.

Аталған жоба аясында маңызды кезеңдердің бірі өткізілді. Сондай-ақ Bacillus тектес бактериялар негізіндегі сұйық биопрепарат пен құрамында тиімді микроорганизмдер кешені бар ЭМ-түйіршіктерді су айдынына енгізу көзделген.
Бұл микроорганизмдер органикалық ластаушы заттар мен шөгінділердің ыдырауын жеделдетуге, жағымсыз иістерді азайтуға және су қоймасының табиғи өздігінен тазару үдерістерін қалпына келтіруге ықпал етеді.
Кешенді іс-шаралар қатарына жағалау аумағын санитарлық тазарту, суда еріген оттегінің мөлшерін арттыру мақсатында аэрация жүргізу, хлорелла негізіндегі биопрепарат енгізу және өзенді балықтандыру жұмысы кіреді.

Балықтандыру экожүйені қалпына келтірудің маңызды кезеңі болып саналады. Себебі ол тұрақты биологиялық тепе-теңдіктің қалыптасуына және су айдынының биоалуантүрлілігін арттыруға ықпал етеді.
Жобаның негізгі мақсаты – су сапасын жақсарту, органикалық ластануды және лайлануды азайту, жағымсыз иістерді төмендету және Ақбұлақ өзенінің экологиялық жағдайын қалпына келтіру.

Кешенді іс-шараларды іске асыру нәтижесінде су қоймасының табиғи өздігінен тазару үдерістері күшейіп, судың гидрохимиялық көрсеткіштері жақсарады деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ биоалуантүрлілік артып, су экожүйесінің дамуына қолайлы жағдайлар қалыптасады.
Бұған дейін Астанадағы ескерткіштер аумағында тазалық жұмысы жүргізілгенін жазғанбыз.