Елордада әйелді қағып кеткен автобус жүргізушісі сотталды

Елордада әйелді қағып кеткен автобус жүргізушісі сотталды
Фото: magnific.com

Елордада адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы үшін автобус жүргізушісі сотталды. Ол көлік басқару кезінде телефонмен сөйлесіп отырып, жолға шыққан адамды байқамай қалған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы прокуратурасына сілтеме жасап.

Автобус жүргізушісі қоғамдық көлікті басқарып келе жатып, ұялы телефон арқылы сөйлескен кезде реттелмейтін жаяу жүргіншілер өткелінде 57 жастағы әйелді қағып кеткен. Ауыр дене жарақаттарының салдарынан жәбірленуші ауруханада қайтыс болды.

Сот үкімімен оған 2 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және 5 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырды. Сот үкімі заңды күшіне енді.

Елорда прокуратурасы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол жүрісі қағидаларын сақтауға шақырады, сондай-ақ көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдалануға қатаң тыйым салынғанын еске салады.

Еске сала кетсмек, Астанада жол-көлік оқиғаларының саны 30 пайызға қысқарды.