Астанада ересектер арасында конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты аяқталды. «Алау» мұз айдынында өткен жарыс қорытындысы бойынша елордалық спортшылар 16 медаль жеңіп алды. Оның төртеуі – алтын, сегізі – күміс, төртеуі – қола, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Чемпионатқа еліміздің сегіз өңірінен 100-ге жуық спортшы қатысты. Олар 500, 1000, 1500, 3000 және 5000 метр қашықтықтарда, сондай-ақ масс-стартта, командалық спринт пен командалық жарыста бақ сынады.
Елордалық спортшылар жеке және командалық сайыстарда жоғары нәтиже көрсетті.
Атап айтқанда, Кристина Силаева әйелдер арасында 500 метр қашықтықта 38,28 секунд нәтижесімен Қазақстан чемпионы атанды. Артур Галиев 1000 метрде, ал Ақжол Нұралы 1500 метрде алтын медаль жеңіп алды. Тағы бір алтын жүлдені командалық жарыста бірінші орын алған Астананың ерлер құрамасы иеленді.

Чемпионаттың күміс жүлдегерлері қатарында 500 метр қашықтықта Артур Галиев, 1000 метрде Кристина Силаева мен Ақжол Нұралы бар. Елизавета Голубева 1500 және 3000 метр қашықтықта екі күміс медаль жеңіп алды. Бұдан бөлек, Астананың ерлер және әйелдер құрамалары командалық спринтте екінші орын иеленсе, елорданың әйелдер командасы командалық жарыста күміс жүлдеге қол жеткізді.

Қола медальдарды 500 метрде Алина Дауранова, 3000 метрде Диана Бачурина, 5000 метрде Абылайхан Қайырғазы және масс-стартта Азамат Сәтқожа жеңіп алды.
Айта кетейік, Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша қараша айында басталатын конькимен жүгіруден әлем кубогының кезеңдеріне қатысатын спортшылар іріктеледі.