«Бурабай курорты» станциясының ағымдағы жөндеу учаскесінің шебері теміржол мүлкінің сақталуына жауап бере тұра, 14 шойын дөңгелек жұбын ұрлауды ұйымдастырған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап.
Жалпы шығын 16,3 млн теңгеден асты. Келтірілген зиян толық көлемде өтелді.
«Бурабай аудандық соты теміржолшыны қызметтік бабын пайдалана отырып, ұрлық және сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бостандығын шектеу жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.
Мемлекеттік айыптаушы, сондай-ақ, мұндай заң бұзушылықтардың алдын алу шараларының қабылдануына қол жеткізді. Оның өтінішхаты бойынша сот құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Астана эксплуатациялық вагон депосының» мекенжайына жеке қаулы шығарды.
Үкім заңды күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Астанада жүк көлігінен екі аккумулятор ұрлаған ер адам ұсталғаны туралы жаздық.